Спорт

Петропавлда кубик-рубик жинаудан облыстық турнир өтті

Мына оқушылардың барлығы – бүгінде кубик-рубик құрастыруды жанына серік еткендер. Қазір олар сайысқа дайындалып жатыр. Аздаған уақыттан соң, қытысушылар қолдарына алты түсті текшелерін алып, сайыс орнына жайғасты. Айту керек, бұл ойын тамырын өткен ғасырдан алады.

– Кубик-рубикті 1974 жылы венгер сәулетшісі Ерно Рубик ойлап шыққан. Алқашқы уақытта қарапайым ойыншық болып танылған бұл текше қазіргі таңда балалардың ой-өрісін дамытуға арналған құралға айналып отыр. Оған деген қызығушылық күн санап артып келеді. Тіпті әлем бойынша чемпионаттар да ұйымдастырылып тұрады.

Балалар бірінен-бірі қалыспауға жанталасты. Барлығы текшелерін оңды-солға бұрып, бір түске жинап жатыр. Эльнур Мұратов болса, әзірге өз кезегін күтуде. Оның кубик-рубикпен әуестенгеніне небәрі 3 ай болыпты. Сондықтан болар, аздап қобалжулы. 4-сынып оқушысы ғаламтордан текшені жинаудың алгоритмін қарап алып, қолын күнде жаттықтырады екен.

Эльнур Мұратов – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Менің рекордым 1 минут 29 секунд. Көп дайындықтың арқасында, тез жинайытын болдым. Осы ойын ұнағандықтан, сайысқа қатысуды жөн көрдім.

Ал Аққайың ауданынан келген Артур Вагнердің болса, бұл ойынға ден қойғанына шамамен жарты жыл болыпты. 12 жасар жеткіншек шашырап кеткен түстерді бір қатарға 24 секундта тізіп бере алады.

Артур Вагнер – сайысқа қатысушы, Аққайың ауданы:

– Мұны кез-келген адам құрастыра алады. Ғаламтордан формуласын көріп алса болғаны. Кубикті бұзып-жинуды содан-ақ үйрене алады. Күнделікті жаттықсаң, саусақтарың да үйреніп кетеді. Ақырында тіпті өзі-ақ жинап береді.

Рубиктің алты жағында кішкентай текшелер өзара байланыстырылып орналасқан. Ойыншылардың мақсаты – оның әр жағын бір түске жинау. Ол үшін жылдамдық пен төзімділік қажет. Жалпы бұл турнирге қала және облысымыздың аудандарынан келген 200-ге жуық оқушы қатысып жатыр.

Ерболат Едрисов – турнир ұйымдастырушысы:

– Бүгін Назарбаев зияткерлік мектебінің іргесінде кубик-рубикті жинаудан турнир ұйымдастырылып отыр. Ол 3 түрлі дисциплина, яғни 2*2, 3*3 және 4*4 бойынша өтеді.

Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болады. Жалпы мұндай шараны ұйымдастырушылар келесі жылы да өткізуді жоспарлап отыр.

Молдир Макишева