Спорт

Дәстүрлі «Петропавл Барысы» турнирі өтті

Дәстүрлі “Петропавл Барысы” турнирінде 30-ға тарта спортшы екі салмақ категориясында күш сынасады. Бұл жарыста жүзден жүйрік атанған палуандарға бас жүлде – 200 мың теңге ақша мен алтын белдік дайын тұр.

Данияр Жолдаспай – қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:


– Бұл жарыс Президентіміздің бастамасы бойынша 3 кезеңде өткізіледі. 1-ші ауылдық, 2-ші аудандық, ал 3-шісі қалалық іріктеу кезеңі. 74 келіге дейінгі категориядағы салмақта – бір, ал салмағы 88 кг-ден асатындардың арасында 6 спортшымыз облыстық кезеңге өтеді.

Нағыз алыптар айқасқа түсетін 88 келі салмақ дәрежесіндегі бәсекенің ақтық сынында Мұхит Тұрсынов пен Қанат Өмірзақ белдесті. Бақ шаба ма, әлде бап шаба ма деген осы шығар. Республикалық деңгейдегі әр түрлі жарыстардан жеңімпаз атанған Мұхит Тұрсынов бұл тартыста тәжірибесінің арқасында жеңіске жетіп, бас жүлдеге үміткерлер қатарына кірді.

Мұхит Тұрсынов – жарысқа қатысушы:


–  Спортпен айналысқаныма 19 жыл болды. «Петропавл Барысы» жарысының іріктеу кезеңіне қатысып отырмын. Бүгінгі сайыстан жүлделі орын алып, 7 мамырда өтетін облыстық байқауға қатысамын деп ойлаймын. Қазіргі уақытта «Қазақстан Барысы» турниріне өтіп, үздік үштікте көріну басты мақсаттарымның бірі.

74 келі салмақта күрескен палуандардың арасында қоланы қанжығаларына байлағаны 20 мың теңге, күміс жүлдегер – 30 мың, ал жеңімпаз – 50 мың теңгені қоржынына салады. Ал, 88 келі салмақтан астам балуандар 3-ші орын үшін – 50 мың теңге, 2-ші орын үшін 100 мың теңге иеленсе, жүзден жүйрік атанған палуан 200 мың теңгеге қол жеткізбек.

 


Кейін жүлдегерлер 7 мамырда облыстық байқауда бақтарын сынайды. Бағы мен бабы қатар шапқандар қазақ күресінен Елбасы жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алады.