Мәдениет

Жаңа қойылым сахналанды

– Бұл спектакль өзгелерінен ерекше. Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік жазушылардың бірі М.Әуезовтың “Қарагөз” пьесасын театр ұжымы саундрама жанрында қойып отыр. Аты айтып тұрғандай бұл – музыка мен драманың бірлесуінен туындаған жанр түрі.

Ең алдымен пьесаның өзіне тоқталсақ, “Қарагөз” – ғасырдан ғасырға созылған дәстүрдің құрбаны болған қазақ қызының қасіретті тағдыры туралы туынды. Шығарма желісі бойынша уыздай қыз Сырым деген жас жігітке ғашық болып қалады. Алайда, олардың махаббат жолында тас бөгеттей үлкен кедергі бар. Ол – екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендігі.

Сондықтан, дәстүр бойынша жастардың бір-біріне қосылуына тыйым салынған. Ең алдымен, олардың махаббатына туған-туысқандары тосқауыл болады.

Туыстары өрімдей жас қызды өзі сүймейтін басқа рудың беделді жігіті – Наршаға айттырып қойған. Қарагөз қарсылық көрсетуге қанша тырысқанымен ата-анасы мен әжесі өз дегеніне жетеді.

Бұл қойылым – поэтикалық сөз бен хореографиялық қимылдың синтезі. Спектакльде қазақ сөзінің көркемдік қуаты да, заманауи би де, қимыл-ырғақтар да көркем жеткізілді.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының режиссері:

– Бұл пьессада мүлдем декорация жоқ. Басты мақсат – әрбір кейіпкердің жанрын ашу.

Махаббат дастанына құрылған сұлу дүниені сахна арқылы суреттеу, берілген рөлді жан-жақты ашу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мұны Қарагөздің рөлін сомдаған Мәдина Өсербаева жақсы біледі. Актриса ең алдымен шығарманы жіті оқып шығып, көптеген деректермен танысқан екен. Көрерменнің жүрегіне жол табу үшін 2 ай еңбектендім дейді.

Мәдина Өсербаева – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Қарагөздің ішкі дүниесін барынша жеткізуге тырыстым деп ойлаймын. Пластика жағы аздап қиындық туғызды.

Жалпы спектакль соңында сүйгеніне қосыла алмаған Қарагөз ақылынан адасып өлсе, ғашығы сергелдең өмірге душар болады. Әсерлі шыққан қойылымды көрермен жылы қабылдап, өз бағасын берді.

– Спектакль өте ұнады. Осы қойылымға келгеніме өте қуаныштымын.

– Терең тағылымы бар. Жастарға үлгі болады деген ойдамын.

Молдир Макишева