Қоғам

Тыйым салынған жерлерде бой көтерген құрылыс нысандары

Облыс орталығындағы Астана көшесі, 38 мекен жайында орналасқан үйдің бір бөлігі осымен бірнеше жыл бойы қоршаулы тұр. Есесіне тұрмыстық қалдықтар мен зиянды заттарға толы. “Тіпті, бұл жер қараңғы түскенде нашақорлар мен қаңғыбастардың тұрақты жиналатын орнына айналып үлгерген”, – дейді пәтер иелері.

Татьяна Науменко – Астана көшесі, 38-үйдің тұрғыны:


– Қараусыз жатқан бұл орынның нақты кімге тиесілі екендігін білмеймін. Әрине, бұл жағдай осында тұратын тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Өзге аулаларға сүйсініп, таңырқай қарайсың. Ал, біздегі ахуал мынадай. Құзырлы органдар тиісті шаралар қолданса екен деген тілегім бар.

Көтерме-бөлшек сауда орталығының маңындағы мына бір жылдам әзірленетін тағамдар дүңгіршегі дәл жолдың бойында орналасқан. Жылжымалы нысанның санитарлық талаптарға сәйкестігі күмән тудыратыны айтпаса да түсінікті.
Ал, мынау – Астана мен Абай көшелерінің қиылысынан алыс емес жердегі құрылыс нысаны. Бір қызығы, аталған жер телімінде екі бірдей ғимарат бой көтеруі тиіс екен. Біріншісінде балмұздақ сататын дәмхана, екіншісінде сауда-саттық орнын ашу көзделіп отырған көрінеді.
Ал, мына бір жердің жыры тіптен бөлек. 2006 жылы кәсіпкер белгісіз бір себептермен халық көп жүретін аумақты өз меншігіне иемденіп алған. Болашақта бизнес иесі 3 қабатты дәмхана салуды жоспарлап қойса керек.
Жер телімінің астынан жылу трассасы мен электр желілері бойлай өтетіндігінен құлағдар тұрғындар ғимарат құрылысына түбегейлі қарсы.

Аян Садвакасов – Астана көшесі, 40-үйдің тұрғыны:


– Баспана тұрғындары құрылыс жұмыстарына қарсы. Кезінде қалалық әкімдік осы жерде Абай Құнанбаевтың құрметіне алаң жасап беруге уәде еткен еді. Мәселе шешіледі деген ойдамыз.

Баспана тұрғындары бірнеше рет қала басшысы мен облыс әкімінің жеке қабылдауына барып, базыналарын айтыпты. Заң бойынша қызыл сызықтың бойында кез келген құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. Сол себептен баспана иелері мұндай жер телімдері сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылса дейді.

Бахыт Садвокасов