Спорт

Петропавлда “SportFEST Kazakhstan” жарысы басталды

Сайысқа қатысушы жастар қаз-қатар сап түзеп тұр. Олар қазір өзара сынға түседі. Дода алдында облыстың құрметті азаматы, грек-рим күресінен Кеңес Одағының спорт шебері Жамбыл Тасеменов сөз алып, ұл-қыздарға сәттілік тіледі. Жалпы, жарыста 14 құрама бақ таластырады. Олардың 13 аудандық команда болса, қалған 1-еуі – қалалық ұжым.

Қанат Сәдуақас – Дене шынықтыру, спорт және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:


– Бүгінгі сайысқа 8-ші және 10-шы сынып оқушылары қатысады. Олар 6 спорт түрі бойынша бақ сынамақ.

Айыртаулық Данил Андреенко шағын футбол сайысында бақ сынамақ. Жеткіншек өз командасының жеңіске жетеріне кәміл сенеді.

Данил Андреенко – жарысқа қатысшы, Айыртау ауданы:


– Сайысқа тыңғылықты дайындалып келдік. Сол себепті, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Басты қарсыласымыз – петропавлдық аяқ допшылар. Олардың барлығы футболды жақсы ойнайды. Дегенмен, намысты қолдан бермеуге бар күшімізді саламыз.

Міне, шағын футбол сайысы да басталды. Ортада Аққайың және Есіл ауданының өрендері күш сынасып жатыр. Жастардың өнері көз сүйсіндіреді. Олар тартысты бәсеке ұйымдастырды. Сонымен қатар, додада үстел теннисінен де ойындар өтті. Мына жерде Қызылжар ауданының өкілі Николай Дянков сынға түсуде.

Жылдамдық және дәлдігімен танылған Николай қарсыласын тізе бүктірді.

Николай Дянков – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:


– Үстел теннисімен 2 жылдан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде бұл спорт түрінің қыр-сырын меңгеріп алдым. Жарыста 2 қарсыласпен кездесіп, екуін де тізе бүктірдім. Соңғы өткізген ойыным қиынға соқты. Алайда, алыс бұрышқа бағыттаған соққылардың арқасында жеңдім.

Жалпы, “СпортФЕСТ” спартакиадасы облыс орталығында 3 күнге жалғаспақ. Жарыс жүлдегерлері “Самрұқ Қазына” АҚ тағайындаған бағалы сыйлықтарға ие болады. Сонымен қатар, жеңімпаз маусым айында Щучинск қаласында өтетін республикалық додаға қатысуға мүмкіндік алады.

Байболат Култанов