Балалар

Облыстың әзілқойлары әкім кубогіне жолдаманы сарапқа салды

Көңілді әрі тапқыр жастардан құралған 16 команда. 6-уы – Петропавлдан, қалғандары өңір аудандарынан келген. Әзілдері ең өтімді екі құрама мамырдың 25-інде өтетін СҚО әкімінің кубогіне жолдама алады.

Әзілдердің тақырыптары әр алуан: студенттік өмірдің қызықтары, өңірдегі жалпы ахуал мен мектептегі күлкілі сәттер. Бір атап өтерлігі, фестивальға Мамлют ауданынан келіп отырған кілең бастауыш сынып оқушыларынан құралған “Карусель” командасы да қатысуда.

Жеткіншектер биді де, әзілді де қатырды. Сәйкесінше, зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Екатерина Петрусь – “Карусель” командасының мүшесі, Мамлют ауданы:


– Біздің әйел логикасы, махаббат тақырыбындағы әзілдеріміз күлкілі болды деп ойлаймын. Негізі өнеріміз көрермендердің көңілінен шықты. Апта бойы дайындалғанымыз зая кетпеген сияқты.

Ал, жасыл киім киген мына жігіттер – “Жайдарманның” жұлдыздары. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледж студенттері сахнада осымен 4-ші жыл өнер көрсетуде. Тек олар үшін бүгін тағы бір дебют, себебі құрама алғашқы рет орыс тілінде сайысып отыр.

Асылхан Жамбылов – “Чуть-чуть по-казахский” командасының мүшесі, Петропавл қаласы:


– 2015 жылы қазақ лигасының чемпионы болдық, енді өзімізді жаңа қырдан танытып, орыс тілінде ойнап көруді шештік.

Іріктеуден сәтті өтіп, Облыс әкімінің кубогі үшін өтетін байқауға жолдаманы Мамлют ауданынан келген “Карусель” балғындары мен айыртаулық “Сабыз” командасы жеңіп алды. Халықаралық фестивальда олар СҚО намысын қорғайтын болады.

Саят Ермек