Мәдениет

22 сәуір – Халықаралық Жер күні

Данияр Жоламанов – байқауға қатысушы жастардың бірі. әл-Фараби мектеп- лицейінің 7-ші сынып оқушысы тұрмыстық қалдықтардан нысан құрау аталымында бақ сынады. Ол сайысқа кәдімгі пенопласттан тұрғызған үйдің мекетін жолдапты. Жеткіншек өз туындысына күн энергиясынан қуат алатын батарейлер орнатқан. Маңайға ағаштар да егіліпті. Бұл метериалдарды жас шебер бір-бірімен желім және сым арқылы байланыстырған.

Данияр Жоламанов – байқауға қатысушы:


– Әрбір үйдің қасында ағаш өсірілуі керек. Өйткені, жасыл желек таза ауа береді.

Бұдан бөлек, байқау сурет, ғылыми жобалар, фото және видео аталымдары бойынша да өтті. Бұл номинацияларда да өңіріміздің мектеп оқушылары мен студенттер керемет туындылар жолдаған. Олардың бірі жер туралы зерттеу еңбектерін жазса, кейбірі табиғат аясын қағаз бетіне бейнелеген. Қалғандары бейнеролик жасаған. Бұл жұмыстардың саны жалпы, 100-ден асады.

Павел Дмитриев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ География және экология кафедрасының меңгерушісі:


– Жыл сайын сәуірдің 22-сінде әлем бойынша Жер күні аталып өтіледі. Бұл датаға орай жастар арасында шығармашылық байқау өткіздік. Бүгін 1 айға созылған конкурсымызды қорытындылағалы отырмыз. Шараның басты мақсаты – адамдарды қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақыру. Әсіресе, жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін тәрбилеу маңызды.

Байқау соңында жеңімпаздар анықталды. Оларға мақтау қағаздары мен ақшалай жүлде табысталды.

Байболат Култанов