Без категории

Жерлестеріміз шығармашылық байқауда үздіктер қатарынан көрінді

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағындағы ешбір отбасын айналып өтпеді. Бірі майдан даласында, бірі тылда жеңіс күнін жақындату үшін жанын беруге даяр болды. Биыл – Ұлы Жеңіс мейрамына 73 жыл. Алайда, 1418 күнге созылған қанды шайқасты ұмыту әлі күнге дейін мүмкін емес. Жау қолына төтеп бергендердің арасында Ямал-ненец автомдық округінің жауынгерлері де болды. Аталған аймақта биыл қазақстандықтар да белсене қатысқан «Біз жеңісті мақтан тұтамыз» байқауы өткізіліпті.

Надежда Коваленко – Ямал-Ненец автономдық округы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс департаментінің бас маманы, РФ:


– Байқауды 3 аталым бойынша өткіздік. Біріншісінде сайысқа қатысушылар ҰОС арналған прозаны мен өлең шумақтарын жібере алды. Тағы қылқалам шеберлерінің жұмыстарын бөлек қабылдадық. Ал, 3-ші аталым – бейнеролик жасау. Басты талап – кез келген туынды жүрекпен орындалуы қажет.

Жарыс қорытындысы 6 мамыр күні шығарылады. Сондықтан, сайысты ұйымдастырушылар шетелден келген жұмыстар арасында да бөлек байқау ұйымдастырыпты. Үздіктер қатарынан көрінгендер ішінде теріскейліктер де бар.

Наталья Неделько – “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің мұғалімі:


– Бірнеше жыл бұрын теледидардан ескерткішке қолын қойып, соғыс жылдарын еске алып жатқан бір әйелдің фотосын көрдім. Мүмкін әкесі, ағасы не болмаса күйеуі майдан шебіне аттанып, оралмаған шығар. Оның тағдырынан бейхабармын. Бірақ, сурет жадымда қалып қойды. Байқауға соны бейнелеп жібердім.

Ал, бұл – 7 жасар Искандер Жапеновтың жұмысы. Соғыс тауқыметін көргендер туралы бейнеролик көрермендердің жүрегін жібітпей қоймады.

Искандер Жапенов – Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:


– Мені роликті жасауға Ұлы Жеңіс күні шабыттандырды. Себебі, бұл -шынымен де ерекше мейрам. Менің атам Панфилов дивизиясының құрамында болып, фашистерден Мәскеуді қорғап қалды. Оны мақтан тұтамын.

Жалпы, халықаралық шығармашылық сайысқа 533 жұмыс келіп түскен екен. Олардың 72-сі – қазақстандықтардың туындылары.

Эльмира Садвокасова