Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдықтар Чернобыль апатының құрбандарын еске алды

Бұл жарылысты өткен ғасырдың ең ірі техногендік апаты дейді. Осыдан тура 32 жыл бұрын Украинаның Чернобліндегі АЭС-да реактор жарылып, жүздеген адамның өмірін қиды, мыңдаған шаршы метр жерді өлі зонаға айналдырды.

Юрий Лошкарев – СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы:


– Радиацияның әсерінен апаттың бірінші күнінде 42 адам ажал құшты. Келесі бір аптада 38 адам құрбан болды. 300 шақырымдық радиустағы аумақ 400 жылға тіршілікке жарамсыз болып қалды, қаншама адамның денсаулығына зақым келді. Апаттың салдары әлі күнге дейін жойылған жоқ. Төтенше жағдайдың орын алуына станция қызметкерлерінің немқұрайлылығы себеп болды.

Саят Ермек – тілші:


– Аталмыш апаттың салдарын жою үшін СҚО-дан 2000-ға жуық азамат аттанған. Бүгінде олардың 340-қа жуығының ғана көзі тірі. Опат болғандарды еске алу үшін петропавлдықтар ескерткіш алдына жиналды.

Тағдырластарын еске алуға келгендердің арасында Арғын Жұмабеков те бар. Чернобльдегі жарылыстың зардабын жоюға ол бір емес екі рет барған.

Арғын Жұмабеков – Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы:


– Бірінші рет бір жарым айдай болдым, екінші рет одан да ұзақ. 10 жолдас едік, қазір үшеу қана қалды. Денсаулық нашар, бас ауырады, аяқ ұстамайды.

2011 жылы бой көтерген бұл мемориал Украинадағы ТЖ салдарын жоюшыларға және басқа да ядролық сынақтардың қатысушыларына арналған. Ескерткішті жағалай тұрған жерлестер құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, кейін гүл шоқтарын қойды.

Саят Ермек