Қоғам

Экологиялық акцияға теріскейлік жастар шақыртылды

Ямал-Ненец автономдық округы Ресейдің солтүстік-батысында орналасқан. Аталған өлкенің бір бөлігі Кар теңізімен байланысса, қалған жағы Евразия материгіне енеді. Кеңес үкіметі тұсында бұл өлкенің Белый және Вилькицкий аралдарында өндіріс ошақтары көп болыпты. Алайда, уақыт өте кәсіпорындардың ісі мүлде тоқтаған. Қазіргі күні ол жақта адам тұрмайды. Осының салдарынан өңірде қоқыс көлемі артыпты. Бүгінде айналаға шашылып жатқан қалдықтарды еріктілер жинап жатыр екен.

Сергей Урамаев – Ямал-Ненец автономдық округы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс департаменті директорының бірінші орынбасары, РФ:


– 2012 жылы Ямал-Ненец автономдық округында “Арктика еріктілері” экспидициясы құрылды. Сол уақыттан бастап бұл топ мүшелері Белый аралындағы қоқысты жинайды. Ол жерді қалдықтардан түгел тазаладық десек болады. Ал, былтыр Вилькицкий аралында жұмыс жүргізуді бастап кеттік. Іске 15 ерікті ат салысты. Нәтижесінде олар аталған өлкедегі 2 гектар аумаққа шашылған 5 тонна темір-терсекті жинады. Әлі де шамамен аралда 800 тонна қоқыс бар.

Вилькицкий аралын тазалау акциясы биыл да жүргізілмек. Оған теріскейлік жастарды тарту жоспарланып отыр. Ямал-Ненец автономдық округінің өкілдері өңірімізге осы мақсатпен келіп отыр. Олар экологиялық экспидиция жайлы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студентері мен магистрантарына айтып берді. Ресейліктердің сөзінше шара 2 жұмаға созылмақ. Меймандар еріктілерді іріктеп алады.

Евгений Рожковский – “Арктика еріктілері” экспидициясының жетекшісі:


– Біз топ ішінен 2 еріктіні таңдап аламыз. Олар тест тапсырмаларын орындау арқылы анықталады. Іріктелген жастар биология немесе экология мамандықтарында оқыса нұр үстіне нұр болады еді. Өйткені, сол жандар қоршаған ортаның қазіргі жағдайын басқалардан жақсы біледі. Әрі, олар табиғатқа біршама жақын. Бұған дейінгі экспидицияға Австрия, Грузия, Куба сынды елдердің жастары ат салысты.

Іріктелген жастар шыдамды болулары шарт. Өйткені, Ямал-Ненец автономдық округы Ресейдің солтүстігінде орналасқан. Ауа райы салқын келеді. Қазіргі күні аталған өлкеде сынап бағанасы -23 градусты көрсетіп тұр. Бірақ бұған теріскейлік жастар мойымақ емес. Жерлестеріміз жаңа ел, жер көріп, тазалық шарасына қатысуға ниет танытып отыр.

Михайл Калашников – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:


– Әрине адам тұрмайтын аралға барсақ жақсы болады. Өйткені, өзім ел, жер аралағанды жақсы көремін. Саяхат барысында жануарлар мен құстарды суретке түсіргенді жаным сүйеді. Және де өз басым қоршаған ортаны тазалауды құптаймын. Сол себепті Ресейге сапар жасауға қарсы емеспін.

Вилькицкий аралында өтетін тазалық экспидиясы шілде айының ортасында басталмақ.

 

Байболат Култанов