Қоғам

Теріскейде тазалық шаралары жалғасуда

Бұл сенбілікте қолдарына сыпырғыш, тырма, күрек алған жастар Ұлы Отан соғысының ардагерлері жерленген зираттың аумағын қыс ішінде жиналып қалған қоқыстар тазартып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жастар ерекше ниет білдіріп, жұмысқа зор ықыласпен кірісіп кеткен. Солардың қатарында Әсемгүл Кокишева да бар. Ол мұндай шараларды қолдап, үнемі қатысып отырады.

Әсемгүл Кокишева – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бұл іс-шараға өзіміздің үлесімізді қосайық деп, көмекке келіп отырмыз. Осындай сенбіліктер жиі ұйымдастырылып отыру керек. Біріншіден қала тазалығы, екіншіден ардагерлерімізге құрмет көрсету.

Сенбілік «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында өтуде. Игі іс-шараға қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледждердің 50-ге жуық студенті жұмылдырылған.

Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ жетекшісі:

– Осындай акция аясында бұл сенбілік алғаш рет ұйымдастырылуда. Жалпы бұл шара мамыр-мауысым айларына дейін жалғаспақ.

Жасотандықтар мұнымен шектелмей, алдағы уақытта қаламыздың бірнеше ауданында абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Дана Ешкенова