ТЖ

Тасқын су тас жолды шайды

Биылғы табиғи апат теріскейліктерге қандай қауіп төндірмек? Бұл жайлы СҚО ТЖД өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Сергеев су қоймасы сәуірдің 14-інде лық толып, тіршілік көзі босатыла бастады. Бастапқыда тораптың ернеуінен асқан қызыл судың биіктігі 150, кейін 168 см жетті. Қазіргі күні көрсеткіш 97 см құрайды. Қоймаға симаған су алдымен Шал ақын ауданына, кейін Есіл мен Қызылжарға жеткен.

Қымбат Мерғалимова – Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:


– Сәуірдің 23-шінде Покровка селосы маңындағы судың деңгейі 1108 см құрады. Қазір тасқынның беті қайтып келеді. Ал, өткен жылдың 21-ші сәуірінде дәл осы елді мекенгі тіршілік көзінің көрсеткіші 1424 см жеткен еді. Биыл судың 316 см-ге төмен екендігін байқаймыз. Алдағы уақытта Долматово селосындағы судың деңгейі 1250-1300 см дейін өседі деп күтіледі.

Новоникольское селосы маңында да судың артқаны байқалады. Ол жердегі тіршілік көзінің деңгейі 785 см-ге жетіп отыр. Бірнеше ауданды артқа тастаған тасқын Петропавлға да жеткен. Су барысын бақылау үшін облыс орталығының маңында 6 бекет құрылыпты. Оларда 200-ден астам маман жағдайды қадағалап отыр.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Мамандар өздеріне тиесілі аумақтарды ғана емес, маңайдағы аудандардағы жағдайды да бақылап тұр. Олар бізге сағат сайын мәлімет жолдайды.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек Петропавл торабындағы су деңгей 960 см-ді құрайды. Ал, бұл көрсеткіш сәуірдің 29-ы мен мамырдың 2-і аралығында 1060 см дейін артпақ. Сол кезде шеткері аудандардағы саяжайларды қызыл су басу қауіпі бар. Қазірдің өзінде тасқын облыс орталығының маңайына зардабын тигізе бастады. Бүгін таңертең қала мен Зеречный кенті арасындағы тас жолдың 30 метрін тереңдігі 20 см болатын су шайған. Ол жерді ТЖД қызметкерлері мен полицейлер күзетіп тұр. Бұл ретте мамандар шаһар сыртындағы үйлерде тұрып жатқан жандардың қауіпсіз аумаққа қоныс аударуын сұрайды. Қазіргі күні 65 жерлесіміз осындай баспаналарды мекен еткен көрінеді.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


–  Ақпан айынына бастап халықпен кездесу жұмыстары жүргізілді. Біз тұрғындарға су басудың қауіпін түсіндірдік.

ТЖД мамандары қызыл су саяжайлар мен жолдарды басқан кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.

 

Байболат Култанов