Аптадағы маңызды жаңалықтар

Серпін бағдарламасының қатысушыларын қолдау

Биыл өңірдің оқу орындарын “Серпін” бағдарламасы аясында білім алған 300-ден астам студент тәмамадағалы жатыр. Сәйкесінше, алда оларды жұмыспен қамту мәселесі туындайды. Қазіргі таңда көпшілігі түрлі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.

Құрманәлі Бақберген – “Серпін” бағдарламасының қатысушысы:


– СҚ кәсіптік педагогикалық колледжінің 4-курс студентімін. Биыл автомеханик мамандығын алып шығамын. Әкімдіктегілер жұмыс тауып береміз деді. Петропавл қаласында қалу ойымда бар. Ауылды жерлергебармаймын.

Асылзат Сұлтан – “Серпін” бағдарламасының қатысушысы:


– Мен Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашлығы колледжін осы жылы тәмамдаймын. Қазіргі таңда Есіл ауданындағы ветеринария станциясында дипломалдық тәжірибеден өтудемін. Болашақта сол жерде қалып,жұмысымды жалғастырғым келеді.

Жиын барысында Құмар Ақсақалов жұмыс берушілермен сөйлесті. Олар колледж, университет түлектерін еңбекпен қамтуға дайынбыз дейді. Жағдай жасалса жастар да өңірімізде қалып, келешекте түрлі салада бел жазбай еңбек етуге әзір екендіктерін айтты. Бірі қаланы, басқалары ауылды жерлерді таңдапты. Араларында отау құрғандары бар. Данияр Шаданов былтыр үйленген. Қазір келіншегімен және 11 айлық баласымен Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасында тұрып жатыр екен.

Данияр Шаданов – “Серпін” бағдарламасының қатысушысы:


– Өзім Есіл мемлекеттік орман шаруашылығына жұмысқа орналастым. Келіншегім де “Серпін” бағдарламасы аясында ветеринария мамандығын меңгеріп шықты. Болашақта осы өңірде қалып, еңбегімізді сіңіреміз.

Өңір жетекшісі балалы болған серпіндіктерге мемлекет қаражаты есебінен тегін баспана салынатынын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Отау құрып, сәбилі болған серпіндік жастарға тегін баспана салып береміз. Оған бюджет қаражаты жұмсалмайды. Бұл туралы меценаттармен уағдаластық бар.

Құмар Ақсақалов ауылды жерлерге барған жастарды баспанамен қамту шараларына болса, жергілікті кәсіпкерлерді тарту қажеттігін тілге тиек етті. Ал облыс әкімінің өзі, серпіндік түлектерге «ментор» атанбақ. Яғни, ол жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөліспекші. Тіпті жастардың жұмысқа орналасуын да өз бақылауында ұстамақ. Өңір жетекшісі мемлекеттік органдардың басшыларын, бизнесмендер мен кәсіпорын директорларын да “Серпіннің” түлектеріне “ментор” болуға шақырды.
Сондай-ақ, аталған бағдарламаның қатысушылары оқуларын тамамдаған соң да мемлекет қолдауына иек арта алады. Олардың 1 жыл бойы мемлекет қаражаты есебінен үй жалдап тұру мүмкіндіктері бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Қалада үйді жалдайтындарға ай сайын шамамен 48 мың, айылды жерлерде баспана жалдайтындарға 38 мың теңге субсидия төленеді. Бұл жеңілдік 12 айға жалғасады.

Оған қоса жан басына 84 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұл жеңілдікті жастар 1 жылдың ішінде пайдаланып үлгеруі тиіс. Одан кейін мемлекеттен көмек тоқтатылады. Осы орайда облыс әкімі негізгі күн көрістен бөлек, бизнеспен айналысып, қосымша табуға болатынын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Бұл жер ең құнарлы. Барлығы өседі. Өзен-көлдері көп. Мұның бәрін игеру үшін жұмыс күші қажет. Сіздер мемлекетке алақан жая бермей, тынбай еңбек етсеңдер дұрыс болады.

Алдағы уақытта бәрі ойдағыдай болып жатса, “Серпін” бағдарламасымен келген жастар отбасыларын осында көшіріп алып келмекші. Өңір жетекшісі оңтүстік аймақтардан келгендерге жергілікті атқарушы орган тарапынан да барынша қолдау көрсетіледі деді.

Берік Қасен