Әр түрлі

Петропавлда техникалық шығармашылық көрмесі өтті

Мына кемені жасау үшін Тайынша ауданының тумасы Леонид Чернуха 2 жыл тер төккен. Оның сұлбасын бозбала интернеттен алған екен. Кейін сол схема бойынша кеменің әр бір бөлшегін жинақтапты. Ең қиыны – картоннан жасалған мына кішкентай детальдарды құрастыру болыпты.

Леонид Чернуха – сайысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Алдымен кеменің бөлікшектерін қиып алдым. Бұдан соң, оларды үлгі бойынша бір-біріне жабыстырдым. Барлық жұмыс аяқталған соң, кемені және оның бөлшектерін бір түске боядым. Жалпы осындай бұйымдар мен заттарды жасауға мен 13 жастан әуеспін.

Ал Айбек Абдрашиттің жұмысы тіпті ерекше. Сондықтан ол “Бізді таң қалдыр!” атлымы бойынша сынға түсті. 17 жасар студент мына макеттерді 3Д принтердің көмегімен жасап шыққан екен. Ол үшін баспа құрылғысына өзіне керек бағдарламаны еңгізіпті. Өткен жылы Айбек бұл көрмеде вай-фай арқылы жұмыс істейтін тракторды ұсынып, бірінші орынға ие болған екен.

Айбек Абдрашит – сайысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Менің жұмысымның аты – “3Д форматында жасалған әлемнің көрікті жерлері”. Принтердің көмегімен экспо көрмесіндегі шар, Эйфель мұнарасы, Сфинкс, мысыр пирамидасы және Рим Колизейін жасап шықтым. Ол үшін небәрі 10 күн уақыт қажет болды. Менің жұмысым әділ қазылар алқасына ұнайды деген сенімдемін.

Техникалық шығармашылық көрмесінде Петропавл қаласы мен облысымыздың әр түпкірінен жиналған 70-тен астам қатысушы 9 атылым бойынша бақтарын сынады. Шеберлер аэроғарыштық техника, “жасыл энергетика”, биотехнологиялар, әскери техника, “Бізді таң қалдыр” және “спорттық-техникалық модельдеу” бағыттарындағы жұмыстарын ұсынған.

Марина Гладкая – “Оқушылар сарайы” МКҚМ ғылым, техника және технология бөлімінің меңгерушісі:

– Көрменің мақсаты – оқушылар мен студенттердің ғылыми-техникалық қабілеттерін дамыту болып табылады. Қазылар алқасының назарына жеке және ұжымдық жұмыстар жолданған. Жалпы жыл өткен сайын қатысушылардың саны артып келеді. Бүгін үздік жұмыстардың иелері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Аталмыш көрме өңірімізде осымен 16-шы рет өткізіліп жатыр.

Молдир Макишева