Құқық қорғау органдары

Теріскей полицейлері бір күнде 3 бірдей мал ұрлығын әшкереледі

Бұл кадрлар Петропавлдағы базарлардың бірінде түсірілген. Мұнда қала полицейлері әлі мүшеленбеген ірі қара етін тауып алған. Қасапшы оны базардағы саудагердің біріне сатып, нәпақа таппақшы болған. Алайда, оның қолында қажетті құжаттар болмай шықты.

Тәртіп сақшылары кідірмей, әкімшілік хаттама толтырды. Қасапшы ғана емес, етті сатып алуға ниеттенген кәсіпкер де жауапқа тартылады. Ал табылған ірі қара экспертизаға жөнелтілді. Айта кетейік, осы сынды өнім түрлері саудаланатын базарлар мен дүкендер қазір полицейлердің жіті бақылауында. Себебі, бұл уақытта барымташылық фактілері белең ала бастайды. Тәртіп сақшылары саудагерлерде қажетті анықтамалардың бар-жоғын тексереді. Бұл құжатта сойылған малдың сәйкестендіруші нөмірі, бас саны, ет тиелген көліктің қайда жол тартқаны көрсетілуі тиіс. Аталған тексеріс малдың ұрланған-ұрланбағанын анықтауға мүмкіндік береді.

Сағындық Жантеміров – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Біз жүргізген сараптама қорытындысы бойынша, өңірде мал ұрлау, яғни барымташылық фактілері көктемгі және жазғы маусымдарда белең алады. Мұндай қымыстардың алдын алу үшін азаматтарға қора-қопсылардың қоршауларын нығайтуға кеңес береміз. Сондай-ақ, малды жайылымға ұжымдасып жіберіп, бақташылармен келісім-шартқа отыруға шақырамыз.

Жедел алдын алу шарасының бірінші күнінде-ақ полицейлер 17 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Олардың бәрі мал мен ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзуға қатысты. Сондай-ақ үш бірдей барымташылық фактісі әшкереленді.

Саят Ермек