Білім

Студенттер арасында брейн-ринг зияткерлік ойыны өтті

Ортада “Заң сақшылары” және “Ақ халаттылар” командалары білімдерін байқап жатыр. Оларға қойылған сұрақтардың басым бөлігі – мемлекеттік қызмет, жемқорлық, Астананың 20 жылдығы тақырыптарын қамтиды. Сайысқа 2 жұма дайындалған “Заң сақшылары” құрамасы бүгін жеңістен үмітті.

Юсуп Адаев – Солтүстік Қазақстан университеті коллледжінің студенті:

– Оқытушыларымызбен бірге кітаптармен қатар, аттестациядан өтуге арналған әдістемеліктер арқылы да дайындалдық. Осындай шараны өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Себебі, бұл біз сияқты болашақ мемлекеттік қызметкерлер үшін маңызды, әрі пайдалы деп ойлаймын.

Өкінішке орай, “заңгерлердің” жолы болмай, олар қарсылас құрамадан 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Екінші болып “Суприм” және “Мир” құрамалары сынға түсті. Құқықтану мамандығы бойынша оқитын студенттер зияткерлік сайысқа бірінші рет қатысып отыр екен. Соған қарамастан, өздерінің ұшқыр ойлары мен тапқырлықтарын көрсете алды.

Айгерім Қайыржанова – Петропавл құрылыс экономикалық колледжінің студенті:

– Біз осы сайыс туралы оқытушыларымыздан білдік. Ойынға екі жұма бойы дайындалдық. Әртүрлі тақырыптарды қарастырдық. Өте жақсы дайындалдық, сондықтан, бүгін жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Ереже бойынша жарыста қатысушыларға 4 сұрақ қойылып, оған әр команда мүшелері 20 секунд ішінде жауап беруі тиіс. Аталмыш сайысқа қала коллеждері мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттерінен құралған 6 команда қатысты.

Сәлімхан Сәбит – “Қоғамдық келісім” КММ жетекші сарапшысы:

– Бүгінгі ойынның басты тақырыбы -“Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастардың арасында мемлекеттік қызметке қызығушылығын ояту.

Ойын соңында жеңіске жеткен командаларға алғыс хаттар табысталып, үздік ойыншылар марапатталады.

Молдир Макишева