МТРА жаңалықтары

Құс етінен қылау бактериясы табылды

Микробиологиялық сараптамаға сәйкес тексерістен өткен азық-түліктердің 10 пайызы адам ағзасына қауіпті деп танылыпты. Мәселен, мына тауық еттерінде денсаулыққа зиянды қылау бактериясы бар. Қазір олардың барлығы дүкен сөрелерінен алынып, жойылуда.

Бұдан бөлек сүт өнімдерінің де талапқа сай еместігі белгіленген. Яғни, қаптамасында көрсетілген майлылығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды екен. Бұл адам өмірі үшін қауіпті болмаса да, тұтынушыны алдау деп есептеледі.

Самат Қазанбаев – СҚО Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім басшысы:


– Егер өндіруші таңбалауда қателік жіберсе, оған ұйғарым береміз. Ал, егер тауардан бактериялар табылса, компания ҚР ҚК 425-бабына сәйкес, жауапқа тартылады. Яғни, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, ұйғарым табысталады. Жалпы, соңғы 3 жылда мұндай заңбұзушылықтардың қатары азайып келеді. Себебі, кәсіпкерлердің барлығы өз істеріне салғырт қарағандығы үшін жауап беретіндерін жақсы біледі.

Бұндай олқылықтардың орын алмасы үшін қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті әрдайым дүкендерде тексерістер жүргізеді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында ғана бұндай шаралар өңіріміздің 70 сауда нүктесінде өткізіліпті. Осылайша, 1300-ге жуық түрлі өнімдердің үлгілері сараптамаға алынған. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Күн сайын алатын тауарлардың барлығы бірдей тиісті регламент пен санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Мәселен, өнімдердің 104-і осындай талаптан ауытқығаны үшін бүгінде дүкен сөрелерінен алынды. Адам ағзасы үшін қауіпті деп танылған тауарлардың 60 пайызға жуығы азық-түлік екен.

Эльмира Садвокасова