Құқық қорғау органдары

Қала игіліктерін қиратушы бұзақылар азаяр емес

Қиратылған нысандардың ендігі тағдыры не болмақ? Оларды кім жөндейді?

Саят Ермек – тілші:

– Осыдан бірер жыл бұрын қаланың бас көшесі абаттандырылып, көз сүйсінер кейіпке енген болатын. Алайда тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Көп ұзамай даңғыл бойындағы игліктердің дені қиратылды. Бәрі бойында сарқып тұрған күшін қайда жіберерін білмеген бұзақылардың ісі.


Жабайылардан жәбір көрген нысандардың көшін 2016 жылы бас көшеге қойылған мына заманауи жарық бағандары бастап тұр. Орнатылғалы бері олардың 24-і сындырылған. Алайда, жазаға тартылғандар 4 есеге аз. Шамдарды қиратқаны үшін жергілікті полицейлер былтыр 5, ал жыл басынан бері 1 бұзақы ұстаған. Сотқарлардың қолы ұлттық нақышта безендірілген клумбаларға да жетіпті. Айыптылар табылмаған соң, бұл нысандарды қалыпқа келтіру міндетін қалалық әкімдік өз мойнына алып отыр.

Дәурен Зейнуллин – Петропавл қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


– Биыл бағандар мен клумбаларды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жұмыстар мамыр мен маусым айларында басталады. Бюджеттен қарастырылған қаражат сомасын әзірге айта алмаймыз.

Саят Ермек – тілші:


– Бұл былтырғы жылдың жаңалығы. Былайша айтқанда елордалық стильде, таза әйнектен жасалған аялдамалар. Әрқайсысының құны шамамен 1 млн теңге. Тек олардың да ғұмыры ұзақ болмады. Жергілікті бұзақылардың құрбанына айналған аялдама әйнегінің сынықтарын қала бойынша жиі кездестіруге болады.

Шаһарда мұндай аялдамалардың 199-ы орнатылған. Мир, Сүтішев, Пушкин және Парк көшелеріндегілері қиратылған. Бұл әрине толық тізім емес. Қала бойынша қойылған бейнекамералардың көмегімен тәртіп сақшылары аялдамаларды жайратқан сотқарлардың былтыр 8-ін, ал биыл әзірге 2-уін жауапқа тартыпты. Әлі жазаланбағандары жетерлік.

Асан Смағұлов – Петропавл қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы:


– Мұндай құқық бұзушылықтардың 90 пайызы көшедегі камералардың көмегімен және жол патрульдік полиция батальонынының кезекшілігі барысында анықталады. Жалпы, жарық бағандары мен аялдамаларды сындырған азамат әкімшілік кодекстің 434-бабына сәйкес 5 АЕК айыппұл төлейді, не 10 күнге қамалады. Егер бұзақылық фактісі қайталанса, азамат 15 тәулікке темір торға тоғытылады.

Объективке түсіп қалған бұзақылардың бәрі жат қылықтарын тентек суға тойып алып жасаған. Ең сорақысы, мас боп, бағандар мен аялдамаларды сындырғандардың арасында кәмлетке толмаған 1 жеткіншек бар. Қалай болғанда да, мастар сындырған әйнектер қалпына келтірілуі тиіс.

Ержан Ақанов, Петропавл қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:


– Жаса жарнама” ЖШС келісім-шартқа отырдық. Бұл компания аялдамаларға жарнама орнатумен айналысады. Құжаттың аясында жарнама орналастырғаны үшін серіктестік сынған әйнектерді өз қаражаты есебінен алмастыруы тиіс.

Ал Вокзал мен Конституция көшесінің маңына орнатылған мына аялдамалар болса Ресейдің Новосібірінен арнайы әкелінген. Нысандардың бір-біреуі 9 млн теңге тұрады.

Ержан Ақанов, Петропавл қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:


– Бұл аялдамалар қалалық әкімдіктің балансында емес. Себебі, оларды жергілікті “Эко-Север” серіктестігі шаһарға сыйға тартты. Сәйкесінше, оның сырт келбеті мен техникалық жағдайына да дәл осы компания жауапты.

Тек әзірге серіктестік өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқармай келеді. Жоспар бойынша жылы, ыңғайлы, жабық әрі ақылды болуы тиіс аялдамалар қазір бұл талаптардың біріне де сай келмейді, ал іші қаңғыбастардың панасына айналған.

Саят Ермек