Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өткен жылы ОҚО-ынан Мамлют ауданына 22 отбасы қоныс аударды

31 жастағы Валерий Веселов келешекте мал шаруашылығын мықтап қолға алмақшы. Осыған дейін Жамбыл облысында тұрған. Ол жақта шабындық, жайылымдық жерлері аз болғандықтан, солтүстікке келуге келісіпті. Былтырдан бері жұбайы екеуі Мамлют ауданына қарасты “Андреевка-СК” ЖШС жұмыс істейді. Аталмыш компанияның директоры Серали Шариповтан қарызға 900 мың теңге алып, қаржыға баспана сатып алған. Ал мемлекеттен берілген субсидияны мүйізді ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға, өзге де қажетіліктеріне жаратыпты. 5 баласы бар. 4-еуі мектепке, кенжесі балабақшаға барады.

Валерий Веселов – Андреевка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:


– Маған өлкенің табиғаты қатты ұнады. Ауылдағы адамдар бізді жылы қабақпен қарсы алды. Өзім және бауырларым мектептегі балалармен достасып кеттік. Қазір спорттық үйірмелерге барып жүрмін.

“Андреевка-СК” ЖШС директоры Серали Шарипов басқа қоныс аударушыларға да жұмыс беріпті. Өйткені, мал шаруашылығында білікті кадрлар қажет дейді кәсіпкер.

Серали Шарипов – “Андреевка-СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:


– Ауылға көшіп келген отбасылардың бала-шағалаларын мектепке, балабақшаға орналастырдым. Отын, көмір, шөппен қамтамасыз еттім. Көрші Бостандық ауылынан екі қоныс аударушыны жұмысқа алдым. Олар дүнген ұлтының өкілдері. Ішімдікке салынбайды, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Бостандық ауылынан келіп жұмыс істейтіндіктен, оларға арнайы көлік бөлдім.

Ахмед Хиймамов Жамбыл облысынан былтыр көшіп келген. Қазір оған К-700 тракторы сеніп тапсырылған. Бүгінде өзге әріптестерімен көктемгі дала жұмыстарына әзірленуде. Ахмед Хиймамов ес білгелі жерде жұмыс істеп келемін, сондықтан бұл іс маған таңсық емес дейді. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығында бел жазбай тер төкпекші. Әзірге, 30 мың теңге жалақысын місе тұтып жүр.

Ахмед Хиймамов – Бостандық ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:


– Мемлекетткен 860 мың теңге субсидия төленді. Қаражаттың жартысынан астамын үй алуға жұмсадым. Жеке баспанам, отбасым Бостандық ауылында. Қазіргі істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым тату. Сәл аяқтан тұрып алғанан кейін, мал және бағбандық шаруашылықтарға бет бұрмақшымын. 5 балам бар. 4-еуі Бостандық орта мектебінде білім алып жүр.

Ахмед Хиймамов бала-шағасын қазақ мектебіне берген. Себебі аталмыш білім ошағынан бірнеше “Алтын белгі” иегері түлеп ұшқан көрінеді. Оқушы санының аздығынан мектеп 2 жыл бұрын жабылып қала жаздапты. Қазір жағдай біршама түзелген. Оған осы қоныс аударушылар да септесіпті. Мәселен, соңғы екі жылда Бостандық ауылына 9 отбасы немесе 33 адам көшіп келген. Ал мектеп оқушыларының қатары 20 баламен толығып, жалпы саны 63-ке жеткен. Тағы қоныс аударушы отбасылардың 10 баласы шағын орталық пен даярлық топтарына барады. Күнгейден келгендерге білім беру қоры және кәсіпкерлердің қаражаты есебінен ыстық тамақ тегін беріледі. Олардың ата-аналары мектепке, жергілікті шаруашылықтарға жұмысқа алыныпты.
6- сынып оқушысы Ақжол Садыржан үйіне қуанып келе жатыр. “Абай оқулары” байқауының аудандық кезеңінен 2-орын алыпты.
Дарынды жеткіншек ата-анасын жақсы бағамен қуантып, кіші іні, қарындастарына үлгі болып жүр. Бостандық ауылының көркем табиғатына тамсанғаны соншалық, Ақжол тіпті ол жайлы өлең шумақтарын жазыпты.

Ақжодың әкесі Әният Садыржан қазақ мектептерінің жабылғанына қарсы. Сондықтан, оңтүстікте жұмыссыз жүрген туысқандары мен таныстарын өңірімізге тартпақшы. Әзірге жұмысқа орналаспапты. Отағасы бастапқыда ауылдың малын бағып, күнелте тұрамын дейді.

Әният Садыржан – Бостандық ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:


– Ең басты нәрсені ұмытып барамыз қазақ мектептері жабылмауы тиіс. Оған біз атсалысуымыз қажет.

Сәбира Сәнсенбай – Әният Садыржанның зайыбы:


– Кшкентай балалары бар отбасылар осы ауылдарға келсе жақсы болады. Мектеп сондай тамаша, балаларым қунып келеді. Өзім де барып көрдім. Мектептен оқу құралдары мен киім-кешектер береді. Тамағы тегін.

Биыл Бостандық ауылына тағы бірнеше отбасы қоныс аударады. Осыны естіп алған жергілікті жұрт 50 мың теңгеге өткізе алмай отырған баспаналарын күрт 1 млн теңгеге қымбаттатып жіберіпті. Сондықтан, жауа тұрғындарды баспанамен қамту қиындау болуы мүмкін.

Зәбкен Шаяхин – “Сенім” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:


– Оларға жағдай жасауға дайынбыз. Жұмыс сұрағандарға жұмыс бар. Бірақ қоныс аударушылардың көбі өз кәсібімізбен айналысамыз деп, ұсынған жұмысқа келіспей жатады.

Бостандық ауылына 4 отбасы келсе, келесі оқу жылында елді-мекендегі мектеп тағы 15 оқушымен толықпақ. Жалпы үстіміздегі жылы Мамлют ауданының әкімдігі ОҚО-нан 59 отбасыны көшіріп алып келуді жоспарлап қойған. Бүгінде 9 жанұя қоныс аударыпты.

Берік Қасен