Қоғам

Халықаралық авторлық әндер фестивалі өтті

Сахна төріне бірінші болып 17 жасар Полина Избалыкова шықты. Омбы қаласынан келген жасөспірім бұл кеште өзінің жеке әнін орындады. Ол гитарада ойнауды 11 жасынан үйреніпті. Петропавлда «Глория» фестивалі өтеді дегенді естіген Полина өз бағын сынап қалуды жөн санаған.

Полина Избалыкова – байқауға қатысушы, РФ:

– Бүгін өзім жазған “Ноктюрн” әнін орындадым. Менің жан дүниеме авторлық ән орындау жақын. Себебі, туындыны автордың өзі орындаса көрерменге өз ойын, сезімін толық жеткізе алады.

Фестивальде өз бағын Ева Панасюк те сынап көрді. 7 жасар жеткіншектің гитараны қолына алғанына небәрі 2 ай өтсе де 20-ға жуық әнді аталмыш аспаппен еркін орындай алады.

Ева Панасюк – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Маған гитарада ойнау қатты ұнайды. Бүгінгі байқауға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын.

Бұл фестиваль облыс орталығында осымен 24-ші рет ұйымдастырылуда.

Аида Туртаева, СҚО «Союз Автор» шығармашылық бірлестігінің жеткешісі:

– Байқауға Қазақстан, Татарстан және Ресейден 80-ге жуық әнші жиналды. Жас өнерпаздар 4 номинация бойынша сынға түсті. Олар “Автор”, “Орындаушы”, “Ансамбль” және “Дуэт” деп аталады.

“Глория” халықаралық фестивалі ерлі-зайыпты музыканттар Юрий және Надежда Ткаченколарды еске алу құрметіне жыл сайын ұйымдастырылады.

 

Дана Ешкенова