Балалар

Республикалық жайдарман ойындары өтті

Бұл жолы 9 құрама бақ таластырды. Атап айтсақ, олар: Көкшетау, Астана, Орал қалалары мен теріскейлік қыз-жігіттер. Дәл қазір сахна төрінде жергілікті университет студенттерінен құралған “5 жаңалық” командасы өз өнерлерін көрсетуде. Әзілқойлар алғаш сәттен бастан жиналғандарды келісті де салмақты әзілдерімен күлкіге батырды.

Кілең жігіттерден құралған топ өткен жылы өңір намысын республикалық “Маусымашар” ойындарында қорғап примьер-лигаға дейін өткен. Бүгін олар – басты фавориттер қатарында.

Аян Зариф – “5 жаңалық” құрамасының капитаны, Петропавл қаласы:


– Болашақ журналистердің тобы болғандықтан әрбір тақырыпта қамтимыз. Мысалы, әлеуметтік жағынан, саяси әзілдер. Негізі біздер республикалық деңгейге бірінші ойындардан-ақ көрініп, Астанада шығып жүрдік.

Ал, бұл – бірыңғай бұрымдылардан жасақталған “Айдай” құрамасы. Елордалық топ еркін сайыста барынша көсіліп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысып бақты.

Айсулу Нұралина – “Айдай” құрамасының капитаны, Астана қаласы:


– Осы құраммен енді ғана бастап жатырмыз. Қызылжар қаласына екінші рет келуіміз. 02-20 Қыздар құрамасы болғандықтан, әзіліміз осы қыздардың өмірі жайында.Әзілдеріміздің ішінде қазылар алқасымен де ойын көрсетеміз.

“Сын түзелмей, мін түзелмейді”. Жалпы республикалық жайдарман ойындарында теріскей намысын қорғайтын тапқырлар саусақпен санарлық. Оның өзіндік себебі де бар. Облыстық жайдарман лигасының жетекшісі Ерлік Мұхамеджанов өлкемізде қазақ тілінде өнер көрсететін жастар әлі де болса аз дейді.

Ерлік Мұхамеджанов – СҚО Жайдарман лигасының жетекшісі:


– Ең басты кедергі біздің географиялық орналасуымыз. Қазақша сөйлейтін азаматтар аз, жастар да аз, бастысы қазақша жетік сөйлеушілер аздың қасы. Бүгінгі ойынның қорытындысы бойынша біз осы бас жүлденің иегерін анықтайтын боламыз. Сонымен қатар үздік әзіл, үздік ойыншы мен кіші кубок иегерін анықтайтын боламыз. Әрбір құрама кубок, диплом, сыйлыққа ие болады. СҚО әкімінің кубогін өткен жылы “Қызылкент” құрамасы ұтып алды.

Осылайша, 3 сағатқа жалғасқан республикалық әзіл сайысында бас жүлде облыс – әкімінің кубогін Орал қаласынан келген “Грант Орал” командасы қанжығасына байлады.

 


Бахыт Садвокасов