Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” ФК “Атырау” командасымен кездесті

Бұл нәтижесіні теріскейліктер осы жолы қайталай алды ма?

Бұл – жергілікті команданың премьер-лигадағы осымен 6-шы ойыны. Қазір теріскейліктер – турнирлік кестенің 10-шы сатысында. Ал, қарсылас команда болса бұл тізімді тұйықтап тұр. Солтүстікқазақстандық құрамаға кезекті ұпайды қанжығаға байлау үшін біраз тырысу қажет. Ойын әдеттегідей жергілікті аяқдоп шеберлерінің айқын шабуылдарынан бастау алды. “Қызыл-Жар СҚ” командасы басымдық танытуда. Бір-біріне пас берген футболшылар, қақпа кілтін табуға тырысып-ақ жатыр.

Ал, қыспақта қалған атыраулықтардың қол-аяққа жармасудан басқа амалдары қалмаған сыңайлы.

Бұған қарамастан, қызылжарлықтар ойлағандарын іске асырды. Ойынның 23-минутында 11 метрлік айып соққысын Шота Григалашвили сәтті орындап шығып, есеп ашты. Бір голдан кейін алаң иелері арқаларын кеңге жайды. Осылайша, алғашқы кезең теріскейліктердің пайдасына шешіліп, 1:0 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін ойын бірқалыпты басталды. Кездесудің 75-ші минутында қарсыластар есепті теңестіру мүмкіндігін қалт жіберіп алды. Алайда, көп ұзамай бұл қателіктерін түзеді. Атыраулық Эльдар Абдрахманов жартылай қорғаушы Марат Хайруллиннен алған пасын қызылжарлық қақпаға дәл тигізді. Есепті ойынның соңына дейін бірде-бір команда ойыншысы өзгерте алмады. Кездесу нәтижесі бойынша жергілікті футболшылардың қоржынына тағы бір ұпай түсті. Келесі кездесуін қызылжарлықтар Қазақстан чемпионы “Астана” командасымен өз алаңында сәрсенбі күні сағат 15-00 де өткізеді.

 

Эльмира Садвокасова