Мәдениет

Петропавлда “Гауһар тас” фестивалінің шымылдығы ашылды

Фестивальдің шымылдығын Бауыржан Ақтаевтың «Гауһар тас» туындысымен Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптар оркестрi ашты. Жерлестерімізбен қоса, шарада еліміздің түпкір-түпкірінен 10 оркестр мен ансамбль өнер көрсетпек.

Қайырлы Ғафуров – Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң жетекшiсi:

– Алыстан келген қонақтарға арнап «Сегiз серi» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрi мен жеке кешімізді ұсындық. Осындай фестивальдің мақсаты – облыстар арасындағы шығармашылық байланыс. Кәсіби тұрғыдан өсу ретінде, өнер ұжымдарының өнерлерін нығайтуға көп үлес қосатын байқау.

Облыстық филармонияның әншісі Еркебұлан Қарыпов Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң сүйемелдеуімен көрермендерге Иса Байзақовтың “Желдірме” әнін тарту етті.

Еркебұлан Қарыпов – Облыстық филармонияның әншісі:

Байқауға ұзақ уақыт дайындалдық. Осы кеште көптеген шығармалар орындалады. Бұл фестивальдің кейінгі жастарға берері өте мол.

Ал, Жанат Алпысбаева болса, композитор Жоламан Тұрсынбаевтың “Қыз қарағай” әнін ұсынды.

Жанат Алпысбаева – Облыстық филармонияның әншісі:

– Әрине, сахнаға шығар алдында толқу болды. Жерлесіміздің әнін орындау – мен үшін үлкен мәртебе.

Фестиваль барысында құлақтың құрышын қандырар талай ән мен күй орындалды. Музыкалық кешке келген көрермендердің бірі Жапар Төлегенов болса, Сегіз Серінің 200 жылдық мерейтойына арнап өлең шығарған.

Жапар Төлегенов – қала тұрғыны:

– Қатардағы Мухамме́д-Хана́фия болып өз жеріңде тып-тыныш жатпас па едің?! Алтын кезіп, қап түбінде жатпас пе едің! Ер салғызған еруілге, елдің кегі.

«Гауһар тас» фестиваліне келген теріскейліктер кештен керемет әсер алғандарын айтады.

– Сегіз сері атамыздың 200 жылдығына орай ұйымдастырылған кеш керемет өтті.


– Біздерге осындай концерттерден алатын өнеге көп. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Ешкенова Дана