Қоғам

Петропавлда аппаттық үйлердің бірі сыр берді

Уральская көшесіндегі аппаттық деп танылған 4-ші үй ақыры сыр берді. Өткен демалыста күндізгі 3-тер шамасында баспананың бір жақ қабырғасы опырылып түскен. Одан үйдегілер қатты шошынып қалыпты. Анна Рыжкова көз жасын тыя алар емес. Бір ажалдан отбасыммен бірге аман қалдық дейді. Сол сәтте олар жиенінің туған күнін
тойлап жатқан. Келіншек қабырғасы зақымдалған пәтердің дәл үстінде, яғни 2-ші қабатта 30 жылдан артық тұрып келген.

Анна Рыжкова – Уральская көшесі, 4 -үйдің тұрғыны:


– Күндіз осы маңда бес-алты бала күнде жүгіріп, ойнайды. Абырой болғанда, қабырға құлағанда бұл жерде ешкім болған жоқ. Әйтпесе, біреу мертігер еді. Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ
.

Жаңбыр астында 2 сағат тұрып қалған отбасылардың барар жері жоқ. Қолдарында құжатары ғана бар. Аумақты ТЖД мен тәртіп сақшылары қоршауға алып, баспанаға тірі жанды жолатпады. Тек екінші подъезде тұратындарға пәтерлерінен ең қажетті заттарын алып шығуға рұқсат берілді. Үрейленіп қалған тұрғындарды шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов те тыныштандыруға тырысты.
Аппатық деп танылған үйде Алета Сычева күйеуі және екі баласымен тұрып келген. Нәзік жанды базынасын айтып, қалалық әкімдікке сан мәрте барғанын айтады.

Алета Сычева- Уральская көшесі, 4 -үйдің тұрғыны:


– Бұл 8 пәтерлік үй. Мұнда үш отбасы тұрады. Бізге әкімдіктегілер 4 күн бұрын келіп кетті. Үйді суретке түсірді. Баспананың іргетасы жоғын көрді. Біз оларға өмірімізге қауіп төніп тұрғанын айттық.

Тұрғындар өз күштерімен жарылған қабырғаларды сылап, іргетасын құйған. Осылай амалдап жүрген халықтың жағдайынан шаһар басшылығы хабардармыз дейді.

Марат Тасмағанбетов – Петопавл қаласының әкімі:


– Аппаттық үйлер қалада біреу ғана емес. Мен Сіздердің жағдайларыңызды түсінемін. Әкімдік балансында аппаттық үйде тұратындарға арналып жеке пәтерлер қарастырылмаған. Сондықтан бүгін 3 отбасыға уақытша баспана беруге ғана қауқарлымыз.

Сол күні отбасылар уақытша болса да орын тапты. Енді оларға жаңа үй іздестіріліп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов айтты.

Евгений Глотов – Петопавл қаласы әкімінің орынбасары:


– Аппатық үйде тұратын үш отбасы баспана кезегінде 100-ші орындардан кейін тұр. Біз оларға пәтер беру жағын қарастырып жатырмыз. Нақты осы күні алады деп дөп басып айта алмаймын. Аппатық деп танылған үйлерді сыру және онда тұрған адамдарды басқа үйге көшіру жағы қаралып жатыр. Әзірге барлық мәселе қаражатқа келіп тіреліп тұр.

Осы жағдайдан кейін Уральская көшесіндегі 3-ші үйде тұратындар да алаңдай бастаған. Мұнда да қабырғадағы жарықтар ұлғайып барады. Кез-келген мезетте нысан үйіндіге айналуы мүмкін. Бұл баспанада 5 отбасы күнелтуде. Жалпы қала бойынша осындай 20 үй аппаттық деп танылған. Онда қазір 187 адам тұрып жатыр.


Берик Касен