МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау

Мәжіліс залына жиналғандардың дені – өңірдегі барлық деңгейдегі атқарушы органдардың кадр бөлімінің мамандары. Шарада қазақстандық қызметшілерді оқытатын бірегей мемлекеттік басқару академиясының өкілі Рената Апергенова сөз алып, ұйымның негізгі бағдарламалары жайында құлағдар етті.

Рената Апергенова – ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының институты директорының орынбасары:


– Оқу орнына бакалавриатты аяқтаған қызметкерлер қабылданады. Мәселен, мемлекеттік менеджмент, басқару, саясат және халықаралық қатынастар мамандығына түсткісі келетін үміткерлер 1 жыл оқиды. Тағы мемлекеттік саясат, басқару, экономика, өңірлік дамуды таңдағандар 2 жыл білім алады. Ал докторантураға түсетін мамандарға 3 жылдық оқу қарастырылған.

Бүгінде академия магистратура мен докторантура мамандықтары бойынша білім алуға ниетті қызметкерлердің құжаттарын қабылдай бастаған. Қазір, үміткерлер қажетті құжаттар тізімін жинап жатыр. Облыстық мемлекеттік құрылыс басқармасының бас маманы Біржан Көшербаев – 5 жылдық еңбек өтілі бар заңгер. Мемлекеттік қызметші мұнда академияға түсу талаптарымен танысу үшін келіпті.

Біржан Көшербаев – СҚО мемлекеттік құрылыс басқармасының бас маманы:


– Мемлекеттік қызмет академиясы ұсынған бағдарламалар жайлы жұмыстағы әріптестерімнен естіп келдім. Енді өзіме қажет мәліметтерді сұрап білмекшімін. Бұйыртса, аталған жоғарғы оқу орынына түскім келеді. Бұл білім менің кәсіби құзыреттілігімді шыңдап, болашақта мансаптық өсуіме оң әсерін тигізеді деген сенімдемін.

Осы ретте айту қажет, мемлекеттік қызметшілер толық ақпаратты өздері еңбек ететін ұйымның кадрлар бөлімінен де сұрата алады.

 

Бахыт Садвокасов