Білім

Интеллектуалдық марафон өтті

Математикалық, логикалық, спорттық және шығармашылық тапсырмалар. Міне, осы сынды сынақтардан құралған зияткерлік марафонға 5 пен 10 жас аралығындағы 90 жеткіншек қатысты. Балалар үшін ең қызығы «квест» ойыны болды. Оған қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап іздеп, сыйлықтар жасырылған сандықтың кілтін табуға тырысты.

Ал, мына бөлмеде балғындар математикадан тесттік жұмыстарды орындауда. 8 жасар Алдияр Күлтай қазақ мектеп-гимназиясында оқиды. Ол бүгінгі зияткерлік марафондағы тапсырмаларды еш қиындықсыз орындады.

Алдияр Күлтай – зияткерлік марафонға қатысушы:


– Мен дәл қазір математикадан тапсырмаларды орындап жатырмын. Мен үшін бұл жұмыстарды орындауға еш қиындық болған жоқ. Осы марафонға біз мектепте 1 ай көлемінде дайындалдық.

Қаламызда бұл сайыс 3-ші рет өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, зияткерлік марафон төменгі сынып оқушыларының арасында шығармашылық және ізденушілік сипаттағы есептерді өздігінше шығара білуге машықтандырады.

Наталья Сербина – СҚО білім басқармасының бас маманы:


– Бүгінгі іс-шара мектепке дейінгі жастағы және 1-2 сыныптарда оқитын балғындар үшін инклюзивті алаңға айналып отыр. Мұнда жалпы және арнайы білім беретін мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері мен есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатының балғындары да қатысты. Барлығы тапсырмаларды ережелерге сай орындауы шарт.

Бәсекеде ұл-қыздар спорттық тапсырмаларды орындау барысында да мүмкіндіктерін байқап көрді. Олар белгілі бір уақыт ішінде түрлі кедергілерді бағындырды.
Жарыс соңында зияткерлік марафонның барлық қатысушыларына және әр аталым бойынша үздік атанғандарға мақтау қағаздары мен кубоктар табысталды.