Қоғам

Алғашқы жалпықалалық сенбілік өтті

Тырнауыш, айыр мен сыпырғыштарын сайлап, таң ата облыстық әкімдік ұжымы мәдениет және демалыс саябағына шықты. Мамандар бақты күзде түскен жапырақтар мен қыс бойы жиналған күл-қоқыстан тазартып жатыр.

Бағлан Жақан – СҚО ішкі саясат басқармасының маманы:


– Бұл шара әр сенбі сайын өткізіліп тұрса жақсы болар еді. Қаламызды тазартуымыз керек. Әр тұрғын өз ауласын жинаса, шаһар көркейе түседі.


Қаланың қақ ортасындағы табиғат бұрышын тазарту жұмыстарына облыстық 7 басқарманың қызметкерлері жұмылдырылды. Ал, шаһардың басқа аумақтары мен көшелерін қалыпқа келтіруге қалалық әкімдіктен – 200, ал облыстықтан 1 жарым мыңға жуық маман шыққан.

Аян Қасымов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:


– Жалпы сенбілікке қала бойынша 550-ге тарта еңбек ұжымы ат салысты және 22 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 100 мың шаршы метрге жуық аумақ тазартылып, 400 тонна күл-қоқыс қала сыртына шығарылды.

Бүгінде Петропавлда 470-ке жуық ПИК-і бар. Ең белсенділері бұл сенбілік шарасынан шет қалмады. Мәселен, “Әуезов көшесі 150” кооперативіне қарайтын 3 көпқабатты үйдің тұрғындары бұл күні аулаларына қайың көшеттерін отырғызды. Жас ағаштардың 30 түбін шаһар әкімдігі тегін бөлген.

Юрий Командриков – “Әуезов 150” ПИК төрағасы:


– Тұрғындарымыз өте белсенді, сенбіліктерге құлшыныспен қатысады. Әзірге, ауланы абаттандыру шараларын толық көлемде орындау үшін ауа райы сәл мүмкіндік бермей тұр. Күн жылынып, жер кепкен соң осы аптада жиектастарды ағартып, балалар алаңқайын сырламақшымыз
.

Айта кетейік, сәуірдің 28-і мен мамырдың 5-інде тағы да жалпықалалық сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр. Игі шараға қатысқан мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақысын облыстық ардагерлер кеңесінің қорына аударады. Жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ.

 

Саят Ермек