Қоғам

Шілдеде болған қанды атысқа қатысты үкім шығарылды

Ата-анасы оған зор сенім артты, белгілі спортшы болады деп үміттенді. Алайда, Ербол Хамитовтың болашағына бір мезетте-ақ балта шабылды. Болмашы кикілжіңнің салдарынан ер жігіт сол аяғынан айырылды. Былтыр 29 шілде күні қолдарына пневматикалық, травматикалық тапанша мен шолақ мылтық ұстаған бір топ жігіт кешкі 8-дер шамасында Ербол Хамитовқа оқ жаудырған. Қанды істі тыңдырған соң, бұзақылар көлікке отырып тайып тұрыпты. Алайда, іздерін суытып үлгермеді. Қазір олардың бесеуі де сот залында.

Дастан Исмаилов – қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:


– Атысқа қатысқан Оразаев ҚР ҚК 287, 293-ші бабы бойынша 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылсын. Мұқышев ҚК 293 бабы бойынша 3 жыл 3 айға темір торға қамалсын. ҚК 194, 287 және 293-ші бабы бойынша Абдулловқа 5 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалсын.

Ерболдың аяғына шолақ мылтықпен атқан 17 жасар Алихан Оразов. Сондықтан да жасөспірім 6 жыл 1 айға темір торға тоғытылды. Ал, Тимур Сүлейменов болса сот залынан босатылды. Жігіттің қанды атысқа қатысуы дәлелденбеген. Тек бопсалау әрекеттерін жасағаны үшін ол шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, айыптаушы тарап болса үкіммен келіспей отыр. Ербол Хамитовтың анасы Ғалия Алпысбаева берілген жаза оларға аз дейді. Нәзікжандының сөзінше, бұзақылардың ата-аналары, тіпті, кешірім де сұрамаған.

Ғалия Алпысбаева – Ербол Хамитовтың анасы:


– Мен шығарылған үкімге наразымын. Ең көбі тек 6 жыл ғана берді. Ал, балам болса бір аяғынан айырылды. Болашағы зор спортшы еді. Енді оған сапалы протез қою үшін кем дегенде 10 млн қажет. Ал, сот шешімі бойынша бізге тек 3 млн теңге шығын өтелмек.

Ербол Хамитовтың ата-анасы алдағы уақытта сот үкіміне шағымданбақ ниетте.

 


Эльмира Садвокасова