Қоғам

Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті

Азаматтарға арналған үкімет елімізде 2016 жылдың сәуірінен бастап жұмыс істеуде. Бүгінде корпорацияда мемлекеттік қызметтің 70 пайызы қолжетімді. Оларды өңірдегі 17 фронтофистен алуға болады. Мәселен, былтыр солтүстікқазақстандықтарға 1 млн 325 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың жартысынан көбі электрондық форматта іске асырылыпты. Ал, биылдан бастап бірнеше қызмет түрін бірге алу мүмкіндігі қарастырылған.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған Үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы «ХҚКО» департаменті директоры:


– Қанатқақты жоба бала туған әйелге 5 мемлекеттік қызметті бірге беруді қарастырады. Яғни, нәресте дүниеге келген соң, анасының телефонына құттықтау хабарламасы келеді. Хатқа жауап ретінде баланың аты-жөнін жазып жіберуге болады. Сонда, бүлдіршін бірден балабақша кезегіне тұрғызылады. Оған қоса, бала күтіміне төленетін жәрдемақыны алу үшін, шот нөмірін де смс-пен жібере аласыздар.

Жыл басынан құттықтау хабарламасы 955 теріскейлік нәзікжандыға келген екен. Алайда, олардың тек 158-гі ғана телефон арқылы мемлекеттік қызметті алған. Бұдан бөлек, жиында вип-номер сатып алғысы келген автомобиль иелері үшін жасалған жеңілдік те сөз болды. Бүгінде қазақстандықтарға мемлекеттік органдарға түрлі анықтамаларды қолтықтап барудың қажеті жоқ. Оны ведомстволардың өзі электрондық үкімет порталы арқылы алады. Бұған қоса, елді мекендердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында машинаны тіркеуге қойып, көлік жүргізушісінің куәлігін ауыстыруға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына тағы әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы да кіреді. Мамандардың сөзінше, өңіріміз бойынша қазір 140 мың адам зейнетақы алады. Ай сайын олардың шоттарына жалпы сомасы 8,5 млр теңгені құрайтын қаражат аударылады екен. Биыл орталықта бірқатар жаңашылдықтар орын алмақ.

Сәулеш Дюсенбина – “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕАҚ СҚО бойынша филиалы – “ӘТВЕО” департаментінің директоры:


– Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап, 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедек балаларға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы қарастырылған. Олар 28284 теңге көлемінде алады. Қамқоршының басқа жұмысы болмауы қажет, ол күні бойына мүмкіндігі шектеулі жанға қарауы тиіс. Егер отбасыда бұндай жарым жандардың саны бірнешеу болса, жәрдемақы әрбіреуіне төленеді.

Жәрдемақыны алуға өтініш 1-ші шілдеден жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады.

Эльмира Садвокасова