Мәдениет

Дүниежүзілік кітап күні атап өтілді

Бүгінгі іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер, қалалық және облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері және мәдениет қызметкерлері көптеп жиылды. Оларға ең алдымен Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” романынан үзінді ретінде буктрейлер ұсынылды.

Кейін кітапхананың тұрақты оқырмандарына марапаттау қағаздары табысталып, кішігірім сыйлықтар тарту етілді.

Ардақ Қажымұратов жұмысбастылығына қарамастан, кітапханаға жиі келіп тұруға тырысады. Азамат көбіне тарихи туындыларға басымдық береді. Оқығандарының ішінде Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясының орны бөлек. Ол былтыр да “Үздік оқырман” аталымын иеленген екен.

Асқар Қажымұратов – оқырман:

– Қолым бос болған уақытта әрқашан кітапханаға келіп тұрамын. Оқыған кітаптардың ішінен Герольд Бергердің туындыларын айтып өтуге болады. Оның кітаптарында маңызды мәселелер көтерілген.

Сондай-ақ, шарада кітапхана сайтында оқырмандар арасында өткен “Көп оқыған көп біледі” атты викторинаның жеңімпаздары марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Ильяс Омаров жоғары нәтиже көрсеткен. Оның айтуынша, ең қиын сұрақ Астана қаласының елтаңбасы жайлы болыпты.

Ильяс Омаров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Астана қаласының тұрғыны болмағандықтан, бұл сұрақ біраз қиындық туғызды. Алайда, қалғандарына мүдірмей жауап бердім. Жалпы мен Ошоның кітаптарын оқығанды ұнатамын. Оның туындыларында өмірге қатысты көптеген философиялық ойларды кездестіруге болады.

Мұндай шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ал биылғы жиынның ерекшелігі – 3 тілділігінде. Яғни, кітапхана қызметкерлері жиылған қауымға барлық ақпаратты орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынды.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері:

– Бүгін біздің кітапханамызда дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай “Кітап – уақыттың мәңгілік куәгері” атты іс-шарасы өтіп жатыр. Жиынның мақсаты – кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы жайлы сөз қозғап, жас буынды жаңа авторлар және олардың туындыларымен таныстыру. Мереке соңында оқырмандарға кітапхана бойынша экскурсия қарастырылған.

Жыл сайын кітапханаға 30 мыңнан астам оқырман тұрақты түрде келіп тұрады.

Молдир Макишева