Қоғам

Бүкіләлемдік еңбекті қоғау күніне арналған жиын өтті

Кәсіпорындағы кез-келген еңбеккердің қызмет барысындағы қауіпсіздігін жұмыс беруші қамтамасыз етуі тиіс. Адамның денсаулығына зақым келу қаупі жоғары өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін қорғау қызметі жұмыс істейді. Бүгінгі конференция аталмыш қызметтердің жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Соңғы жылдары өңір кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттардың саны біршама азайған, сонда да статистика көңіл көншітпейді.

Қайрат Пішенбаев, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:


– 2017 жылы СҚО кәсіпорындарында 53 оқыс оқиға орын алып, 56 адам жапа шекті. Қаза болған қызметкерлердің саны – 9. Ал, 2018 жылдың басынан бері өндіріс ошақтарында 18 жазатайым жайт орын алып, осынша жұмысшы жарақат алған. Екі қызметкер мерт болды.

Осымен 15-ші рет сәуірдің 28-інде – Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Маңызды дата қарсаңында облыстық еңбек инспекциясы қарамағындағы қызметкерлердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлетін бірқатар өндіріс ошақтарын марапаттады. Үздіктердің арасында “Севказэнерго” АҚ да бар.

Оксана Полын – “Севказэнерго” АҚ еңбек қауіпсіздігін қорғау қызметінің бастығы:


– Біздің қызмет “Севказэнерго” мамандарының техника қауіпсіздігін сақтауын бақылайды. Ол үшін тексерістер, рейд шараларын жүргізіп, тиісті нұсқаулар береміз. Әр адамның қауіпсіздігі, ең алдымен өзіне байланысты. Кәсіпорында соңғы оқыс оқиға 2015 жылы болды. ал соңғы үш жылдың ішінде бір де бір жұмысшымыз өндірістік жарақат алған жоқ.

Биылғы бүкіләлемдік еңбекті қорғау күні кәмелет жасқа толмаған немесе жаңадан мамандық иесі атанған жас қызметкерлердің қауіпсіздігіне арналып отыр. Осыған орай облыстық кәсіподақтар қауымдастығы арнайы акция жариялаған.

Людмила Голенкова – СҚО кәсіподақтар орталығының бас маманы:


– Акция “Еңбек шартын жаса” деп аталады. Қажетті еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жас мамандардың көбі жазатайым жағдайлардың құрбаны болып жатады. Әрі жұмыс берушімен еңбек шартына тұрмай, құқығы тапталып жататын жастар да жететін. Олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі шаралар өткізетін боламыз
.

Статистикаға көз жүгіртсек, өндірістік жарақат алатын не жазатайым жазым боп жататын жұмысшылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызмет, құрылыс пен машинажасау, темір жол және энергетика салаларында еңбек етеді екен. Өткен жылы Қазақстан бойынша 1678 адам жұмыс бабында жапа шексе, олардың 244-і мерт болған.

Саят Ермек