Қоғам

Жерлестеріміз “Рухани жаңғыру” жобасы негізінде жарық көрген алғашқы 18 кітапқа қатысты ойларымен бөлісті

Басқосуда “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасының отандық жастардың маман атануында тигізер оң тұстары сөз болды. Алғашқы 18 кітаптың тұсауы жуырда Елбасының қатысуымен өткен кездесуде кесілді. Шетелдік жауһар кітаптар мағынасы жағынан бұрмаланбай, тек қазақшаланды. “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Жанар Таласпаева, бұл туындылардың арқасында тіліміз – жаңа терминдермен толығады деген ойда.

Жанар Таласпаева – “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі:


– Біздің жастарымыз үлкен мүмкіндік алып отыр. Себебі елдің әлемдік деңгейдегі университеттердегі қолданылатын оқулықтарға қол жеткізуі білім қорын молайтуға жол ашады. 100 оқулық ішінде 18 алғашқы кітап – біздің тілімізде 3 мыңнан аса жаңа ғылыми терминдер енгелі отыр. Бұл қазақ тіліндегі кей ұғымдардың алға басуына ықпал етері сөзсіз.
Отырыста жергілікті ассамблея өкілдері де сөз алып, тың туындылардың өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына
өлшеусіз үлес қосып, көмекші-құрал боларын тілге тиек етті.

Наиль Салимов – СҚО ҚХА хатшылығының меңгерушісі:


– Алдағы 2018-2019-шы оқу жылында әлемдік тілдерден аударылған кітаптар отандық жоғары оқу орындары мен кітапxаналарға үлестіріледі. Сонымен қатар, бірталайы мектептердің оқу бағдарламасына да енгізіледі деп күтілуде. Келешекте осы оқулықтардың электронды нұсқалары мен соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы арнайы ашық платформада таратылмақ.

Алғашында, қазақстандық белді аудармашылардың сүзгісінен өткен философия, психология, журналистика, әлеуметтану, дінтану бағытындағы кітаптар 10 мың данамен жарық көрмек. Кездесуге жиналғандар шетелдіктердің қазақ тіліндегі шығармаларының әр ел тұрғынына қолжетімді болатын күннің алыс еместігін айтып, тарқасты.


 

Бахыт Садвокасов