Спорт

Серік Нұрқазов солтүстікқазақстандық боксшыларға шеберлік сағатын өткізді

Қазір КСРО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы Серік Нұрқазов балаларға шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Ол жас өрендерге бокстың қыр-сырын түсіндіріп, ерекше әдіс-тәсілдерін үйретуде. 80-ші жылдары шаршы алаңды шаңдатқан боксшы Еуропа біріншілігінде алтыннан алқа тағып, Әлем Кубогында күміс жүлдеге ие болған. Осылайша, еліміздің атын төрткүл дүниеге танытты. Ал қазіргі таңда бапкерлікті қолға алып, балаларды бокс спортына баулып жүр.

Серік Нұрқазов:

– “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында Балқаш, Шымкент қаларына шеберлік сағаттарымен барған болатынмын. Енді міне кезек Петропавл қаласына да келіп жетті. Солтүстікқазақстандық боксшылар олипиада жеңімпаздары атана берсін. Жалпы бүгін әр бір балаға жеке сабақ беремін.

Шеберлік сағатына қатарластарымен бірге Арғын Кенжеев те қатысып жатыр. 16 жасар жеткіншек спорттың бұл түрімен 5 жылдай айналысады. Өткен жылы Республикалық турнирге қатысып, бірінші орынға ие болған жас өрен спорт шеберіне үміткер атаныпты. Қазіргі таңда Арғын сәуірдің 24 мен 29 аралығында Көкшетау қаласында өтетін ел біріншілігіне дайындалып жатыр. 11-сынып оқушысы бүгінгі шеберлік сағатының турнирде жеңіске жетуге септесетініне сенімді.

Арғын Кенжеев – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы, бокстан спорт шеберіне үміткер:

– Мен Серік Нұрқазовты боксшы ретінде үлгі тұтамын. Бүгін барлық айтқандарын ойыма тоқып, жаттыға бастаймын. Жалпы жұмасына 12 рет жаттығуларға қатысамын. Бұл спортта ең басытысы – көп еңбектеніп, төзімділік таныту. Сонда ғана, көздеген мақсатқа жетуге болады.

Сонымен қатар, шеберлік сағатында Жанат Жақиянов та балаларға бокстың өзі қолданатын түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Серік Нұрқазов Петропавл қаласынан кейін Алматыға аттанбақ.

 

Молдир Макишева