Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірді тасқын су басу қаупі жоқ

Теріскейде тасқын орын алған жағдайда облыстық ТЖД-нің 200 құтқарушысы мен 50 бірлік техникасы сақадай сай тұр. Дегенмен, мамандардың айтуынша, өңірді су басу қаупі жоқ. Әр төрт сағат сайын “Қазгидромет”-тің 14 гидробекетінен құтқарушыларға Есіл өзенінің деңгейі туралы ақпарат жолданып отырады. Ақмола облысының мамандарымен тәулік бойы байланыстамыз дейді ТЖД қызметкерлері.

Аскат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:


– Судың көбі бізге Ақмола облысынан келеді. Әзірге, мұндағы қоймалар мен гидротораптардағы тіршілік көзінің деңгейі қалыпты, тіпті төмендеп жатыр десек те болады. Сергеев қоймасындағы су ернеуден 168 см асып кеткенімен, соңғы уақытта деңгейі сол қалпында тұр. Тораптан су штаттық режимде ағызылып жатыр.

Бізге белгілісі бір – былтырғы жағдай қайталанбайды. Дегенмен, Сергеевкадағы гидротораптан келе жатқан толқын қазір Қызылжар ауданына жеткен. Петропавлға су алдағы демалыс күндері келеді деп болжанып отыр. Метеорологтардың айтуынша жұма және сенбі күндері өңірде ауа райы бұзылып, жауын-шашынның түсуі ықтимал. Салдарынан Есілдегі судың деңгейі тағы біршама көтеріледі деп шамалануда.

Дәурен Қошұғұлов – “Қазгидромет” РММ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

 

– Сәуірдің 20-21-і күндері СҚО аумағында күшті жел тұрып, оның екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Жауын-шашын да түсіп, Есілдегі мұз жамылғысының бұзылуы ықтимал. Әрі желдің әсерінен ағынның күшеюіне байланысты осы күндері Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының аумағында судың деңгейі біршама жоғарылап, 940 см-ге көтерілуі мүмкін.

ТЖД-ндегілер көтерілген қызыл су көп дегенде Есіл жағасында тұрған саяжайларды, сондай-ақ, Заречный кентіне кіреберіс жолды басады дейді. Ал, келесі аптада Есілдегі тіршілік көзі қалыпты деңгейге қайта оралады деп күтілуде.

Саят Ермек