Әр түрлі

Облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті

Облыстық мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссияның көшпелі отырысы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің ғимаратында алғаш рет өткізілуде. Жиын барысында аталған саладағы күрмеуі тарқамаған мәселелер сөз болды. Қазіргі таңда бірқатар мұрағат нысандары ескірген және ондағы материалдық-техникалық база жаңғыртуды қажет етеді.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры:


– Облыс орталығында және аудандарда архив ғимаратары әбден ескірген, жаңалары қажет. Сонымен қатар, бізге жаңа сканерлеу құрылғылары, компюьтерлер керек. Осы мәселелерді депутаттар атсалысып шешіп берсе деген ниетіміз бар. Сонда біз құнды, тарихи құжаттарды сандық үлгіде жасап, барша халыққа мейлінше қолжетімді етер едік.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінде барлығы 600 мың құжат сақтаулы. Соның 2 мыңы ғана электрондық форматқа ауыстырылған екен. Мұрағатшылар істі жеделдету үшін өнімділігі жоғары құрылғылар қажет дейді. Бұл сұрақты өңір депутаттары басты назарға алмақшы.

Ғафура Бөстекова – облыстық мәслихаттың депутаты:

 


– Мұрағатшылардан түскен ұсыныс-тілектерді түртіп алып, бюджеттік комиссияға тиісті ұсыныстар жасаймыз. Келешекте архив саласында туындайтын мәселені шешуге атсалысамыз.

Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың депутаттары “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жөнінде сөз қозғады.

Бахыт Садвокасов