Энергетика

Монополист компания қызмет көрсету сапасын арттыруда

Жыл басталғалы жергілікті 326 кәсіпкерлік субъектісі және 96 жеке тұлға электр энергиясы желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды алған. Ал өткен жылы бұл құжатқа 692 абонент пен тағы 880 бизнесмен қол жеткізіпті. Бұл биыл монополистерге жүгінген тұрғындардың саны артқандығын көрсетіп отыр. Өйткені, қазыр бұл шаруа біраз жеңілдетілген.

Анатолий Казановский – «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ бас директоры:

– Компания қызметкерлері технологиялық картаны әзірлеп іске қосты. Оның арқасында кәсіпкерлер бос тұрған жерде қандай электр желілері бар және оның қуаттылығын көре алады. Онлайн режимде кез келген уақытта бұл ақпаратпен танысуға мүмкіндік бар. Инвесторларды өңірге тартып жүрген мемлекеттік орган қызметкерлері де шетелде жүріп-ақ, осы картаны қолдана алады. Тұтынушылар үшін өте ыңғайлы болмақ. Бұл қаланы ғана емес, біз қызмет көрсететін барлық 8 ауданды да қамтыған.

Монополист компания мұндай жобаны елімізде алғашқылардың бірі болып әзірлеген екен. Бұл бизнесмендерге де, қарапайым тұрғындар үшін де пайдалы болмақ. Әсіресе, жер учаскесін алып, үй саламын дегендер өзіне қажетті ақпаратқа оңай қол жеткізеді.

Александр Казанцев – қалалық мәслихат депутаты:


–  Компания шынымен де тұрғындарға ғана емес, бизнесмендерге тіпті болашақта келетін инвесторларға жағдай жасап отыр. Бұл әрине бізді қуантуда. Карта дер кезінде іске қосылды деп есептеймін. Ол жұмысты біраз жеңілдетпек.

Ал жыл соңына дейін энергетиктер тағы бір тың жобаны іске қоспақшы. Ол техникалық шарттарды рәсімдеу мен беруге арналған веб портал.

Евгений Политкин – «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары:

 

– Веб порталға тұтынушылар жеке кабинет арқылы кіріп, техникалық шарттарды алуға өтініш бере алады. Өтінімде тұрғындар дайын болған құжатты не электронды адресіне жіберілуін, не қағазға түсіріп алатынын көрсетуі тиіс. Онлайн түрде олар өзіне ыңғайлы бөлімшені де таңдап, содан алып кете алады. Осының арқасында адамдар қызметкерлермен кезікпейді. Яғни, бұл жоба жемқорлықтың алдын алуға да септесіп отыр.

Қала өсіп жатыр. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп, түрлі ғимараттар тұрғызылуда. Сондықтан кәсіпорындағылар қазіргі бар желілер қатты жүктемеге шыдас беруі үшін оларды қалыпқа келтіруге көшкен.

Мағжан Ахмадина