Әр түрлі

Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ

Қала келбетін көркейту мақсатында биыл Мир, Жамбыл Жабаев, Брусилов және Парк көшелеріне бұталы қоршаулар мен жасыл ағаштар отырғызылмақ. Бұл шаруаны іске асыру үшін 200-ге тарта жұмысшы мен 20-дан астам техника жұмылдырылады.

Дәурен Зейнуллин – Петропавл қаласы ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Осы жылы абаттандыру жұмыстарының аясында тал, қарағай, қайың ағаштары және бұталы қоршаулар ретінде бөріжидек пен көріктал отырғызылады. Сонымен қатар, Жамбыл көшесінде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл істі “Изумрудный город” кәсіпорны қолға алып отыр.

– Түскі уақытта қаланың бір шетінен екінші шетіне жету – темір тұлпар иелеріне қиындық туғызады. Сондықтан, қаланың орталығындағы жолдарды көлік кептелісінен босатудың амалдары қарастырылып отыр. Көп ұзамай қала көшелеріне “жасыл толқын” жүйесі бойынша жұмыс істейтін 17 бағдаршам орнатылады. Жаңа қондырғылар көлік кептелісі басым бағыттардағы қозғалысты едәуір төмендетіп, реттеп тұрады.

Сонымен қатар, қала аялдамаларының 51-і жаңасына ауыстырылмақ.

Аян Қасымов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор инспекторы:

– Бұл аялдамалардың 41-інде электрондық кесте жұмыс істейтін болады. Оның көмегімен тұрғындар автобустың аялдамаға қанша уақыттан кейін келетін бақылай алады. Сондай-ақ, Интернационал көшесіне орамды гүлзарлар орнату жоспарланып отыр.


Қаланың тағы бірнеше көшесіндегі жолдар да орташа жөндеу жұмыстарынан өтпек. Жиектастары ауыстырылып, шұрық тесік болған асфальттың 221 шаршы метрі қайта қалыпқа келтіріледі.

Аян Қасымов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор инспекторы:

– Жамбыл, Сүтішев, Горький, Мүсірепов, Интернационал, Хименко, Рыжего, Егемен Қазақстан мен Гашек көшелерінің қиылысында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл көшелердегі жиектастардың 53 шаршы метрі қалыпқа келтіріледі. Сонымен қатар, жөндеу барысында америкалық “Реджувасил” сұйық тығыздағыш технологиясы қолданылады.

Бүгінде бұл шаруаға қажетті қаражат бөлінген. Жұмыс сәуір айының соңында қолға алынады.

Молдир Макишева