Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірқатар Қытайлық ЖОО-лармен әріптестік орнатты

Қытайдың Янлинь қаласындағы ауыл және орман шаруашылығы техникалық университеті енді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің ресми әріптесі саналады. Екі жақ бұл үшін меморандумға отырған. Аталған келісімнің жергілікті ЖОО берері мол дейді проректор Ербол Исақаев. Себебі, жуық арада қытайлық университет мұнда су жаңа агротехникалық парк салмақшы. Ал келер оқу жылында біздің 2 студентіміз пен 5 магистрантымыз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша аспан асты еліне екі жылға оқуға кетеді. Бұл да әріптестік аясында атқарылатын соңғы шаруа емес.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:


– Янлинь университетінің ғалымдары мамыр айында бізге келеді. Өздерімен бірге ауыл шаруашылығы дақылдарының 13 түрі мен 53 сұрпын ала келеді. Қазақстан аумағында әлі өсірілмеген бұл дақылдарды қытайлық әріптестеріміз СҚМУ-дың агробиологиялық станциясына егіп, шығымдылығын бақыламақшы. Сондай-ақ біздің студенттеріміз Янлинь университетінде білім алып, екі дипломға ие болады.

Осылайша, екі оқу ордасы ауыл және орман шаруашылығы саласында бірігіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбекші. Іс-сапар барысында университет делегациясы аспан асты елінің астанасы Бейжіңге де барған. Мұнда олар Минзу орталық университетіне бас сұғыпты. 15 мыңға жуық студент білім алатын бұл ЖОО осымен 65-ші жыл қазақ тілі мен әдбиеті пәнінің мұғалімдерін даярлайды екен. Филологиялық факультетте бүгінде 189 студент білім алады. Келер маусымда екі университет мәмілеге отырмақшы.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Жуырда орнатылатын әріптестік аясында “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының екі студенті Минзу университетіне, ал олардан екі студент бізге келіп, білім алатын болады. Бұл бастама филология бағытында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сиань провиницясындағы “Айцзюй” корпорациясы болса, жергілікті “Тайынша май” серіктестігінің құрылтайшысы. Делегация бұл кәсіпорынның басшылығымен де жүздесіп, келісімге келген. Енді М.Қозыбаев СҚМУ-де ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер “Тайынша майда” тәжірибеден өтіп тұратын болады. Бұл үшін серіктестік базасында арнайы орталық та ашылмақ. Жалпы, бүгінге дейін жергілікті ЖОО 40-тан астам шетелдік университетпен әріптестік орнатып үлгеріпті.


Саят Ермек