Қоғам

Бүгіндері өңірімізде 110 ҰОС ардагері мен мүгедегі өмір сүреді


Жеңіс күні жақындап қалды. Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 73 жыл толмақ. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет, қолдау көрсету, көңіл бөлу әрбіріміздің азаматтық парызымыз, әрі міндетіміз. Сондықтан, Отан қорғау жолында ерлік жасаған жандарды ұлықтау үшін теріскейде түрлі іс-шаралар әзірленіп жатыр.

Анатолий Корабельников- облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:


–  Жеңіс күніне орай жыл сайын қайырымдылық сенбіліктері өткізіліп тұрады. Одан жиналған қаражатқа ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға қажетті дүниелер сатып алынады. Сондай-ақ, бүгіндері өскелең ұрпақ та қарияларымызға көңіл бөліп тұрады. Оларға арнайы барып, қол ұштарын береді.

Былтырдан бастап ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне көрсетілетін қаржылай көмектің көлемі ұлғайтылып, жеңіс күніне арналған бір реттік көмекақы 100 АЕК көлеміне дейін жетті. Биыл ол 240 мың теңгені құрамақ. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар да назардан тыс қалмайды. Оларға 5 АЕК көлемінде сыйақы беріледі.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:


–  Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 32,8 млн теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан жандарға республикалық бюджет есебінен ай сайын 38 мың теңгеден төленіп отырады.

Бүгіндері өңірімізде 110 ҰОС ардагерінің көзі тірі. Өкінішке орай, жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Былтырдан бері облысымызда елін қорғаған 49 қарт жауынгер өмірден өткен.

Тогжан Акмагамбетова