МТРА жаңалықтары

Ағымдағы жылы шаһардағы аумақтарды зиянкестерден өңдеуге 4,5 миллион теңге бөлінген

Мына сыйымдылығы 16 литрді құрайтын “Квазар” қондырғысы – зиянкестерді улауда қолданылады. Ол дернәсілдерді жоюға арналған “Цифокс” сұйықтығымен толтырылады. Бір құтысы, шамамен 10 сотық жерді өңдеуге жеткілікті. Үстіміздегі жылы маңызды науқанға “Ермолин” ЖК-нің 4 қызметкері жұмылдырылыпты.

Дизинсекторлар таңның атысынан кеш батқанша кене мен маса-шыбынға қарсы аумақтарды зарарсыздандырып, бел жазбастан тер төгуде. Себебі ауа температурасы жылысымен пайда болатын бұл жәндіктер тұрғындарға қолайсыздық тудырады.

Татьяна Джулай – “Ермолин” жеке кәсіпкерлігінің аға дизинсекторы:


– Дәрі 95 пайызға дейін өз әсерін береді. Біз қондырғымен әр ағаштың түбін, қалың шөптердің арасын өңдейміз. Қондырғыны минус 10 градус аязға дейін қолдануға болады. Алдағы уақытта залалсыздандырғышты қаладағы өзге де ықшам аудандардың жер телімдеріне шашатын боламыз.

Бүгінге дейін мамандар шаһар тұрғындары демалатын Жеңіс, демалыс және мәдениет саябағында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіпті. Өз кезегінде жерлестеріміз кене мен масаның көбеймеуіне бағытталған мұндай жұмыстардың мерзімінде атқарылғанына қуанышты.

– Жәндіктерге қарсы себу шараларын өткізген дұрыс деп есептеймін. Әсіресе, жазғы маусымда олар тұрғындарға маза бермей, шағып, далаға шығартпайды.

Үстіміздегі жылы облыс орталығында 746 гектар аумақты зиянкестерден арылту үшін қалалық қазынадан 4,5 миллон теңге қаражат бөлініпті.

 

Бахыт Садвокасов