Балалар

Теріскейде жастар корпусын дамыту жобасы іске аспақ

Жастарды әлеуметтендіру, әсіресе, аз қамтылған халық тобын қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыруды көздеп отырған жоба өткен жылы елімізде бастау алған болатын. Пилоттық бағдарлама арқылы 1 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алуға болады. Тіпті, арнайы тағайындалған 6 айлық шәкіртақысы да бар.

Алена Баянбекова – Үйлестіру агенттігі басшысының орынбасары:


– Өткен жылы 4 облысқа жалпы сомасы 556 млн теңгенің гранты бөлінді. Сондай-ақ, 458 млн теңгеге жуық шәкіртақы берілді. Айта кетсек, былтыр 4 өңірде 37 тігін шеберханасы, 27 тілдік мектеп, бірнеше бос уақытты тиімді өткізу орындары, 79 спорттық секция, 36 балалар орталығы, 9 наубайхана, 9 жылыжай және өзге де нысандар жұмысын бастаған болатын. Нәтижесінде көптеген жұмыс орындары ашылды.

Атап айтар болсақ, “Жастар корпусын дамыту” пилоттық жобасы әуелде Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында қолға алынған. 2 мың жастың бастамасымен былтыр 600-ге жуық идея жүзеге асыпты. Бұның қатарында киім-кешек тігу, жеміс-жидек өсіру және басқа да кәсіп түрлері бар. Енді жастарға арналған бірегей жобаға солтүстікқазақстандықтар да атсалыса алады.

Алена Баянбекова – Үйлестіру агенттігі басшысының орынбасары:


– Бұл жобаға қатысушыларға қойылатын басты талап – жастары 14 пен 29-дың арасында болуы керек. Бағдарламаға еш жерде оқымайтын және жұмыссыз жүрген не табысы төмен азаматтардың атсалысуға мүмкіндіктері бар. Биыл жобаға 3 мың 500 қыз-жігіт қатысады деп жоспарлануда. Өтініштер мамырдың 20-сынан бастап 1 ай көлемінде қабылданады.

Жастарға мол мүмкіндік беретін бұл жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі бірлесіп жүзеге асыруда. Бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.

Тогжан Акмагамбетова