МТРА жаңалықтары

Шекара қызметінде шешілмеген мәселелер баршылық

Қорғаныс саласына қажетті мына техникалар мен құралғылардың біразы отандық кәсіпорындарда шығарылады. Заманауи құралдарды шекарашылар күнделікті қызметінде пайдаланып жүр. Ел қорғаушылардың жұмысымен танысқан Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева осындай озық техникалар өзімізде жасалып, импорттық баламалары біртіндеп нарықтан ығыстырылатын болады деді.

Кейін елордалық мейман шекарашылармен кішігірім басқосу өткізді. Жиын барысында «Солтүстік» өңірлік басқармасының өткен жылда атқарған жұмысы сараланды. Аталған ведомство Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарын күзетеді. Былтыр әскерилер Ресей Федерациясымен шектесетін мемлекеттік шекараның бойында 3 600-ден астам заңбұзушылықты тіркеді. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп.

Жәнібек Төлебаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Өткен жылы 126 рет шекарадан есірткі затын алып өтуге әрекет жасалды. Заңбұзушылардан жалпы мөлшері 8 келі 842 грамм есірткі тәркіленді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 42 процентке артық. Сондай-ақ, шекарадан қару-жарақтарды заңсыз асырудың 164 фактісі әшкереленді.

Бүгінде шекарашылар сырттан ел аумағына кіретін жүк вагондарын тексере алмай отыр. Ол үшін арнайы сканерлеу кешендері қажет. Мұның бәріне қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Жәнібек Төлебаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Шекарадан өтетін жолаушылардың түгелін тексереміз. Ал, жүк вагондары назардан тыс қалып отыр. “Мамлютка” және “Булаево” темір жол станцияларында жүк вагондарын сканерден өткізетін кешендер жоқ. Сол себепті,
тәулік сайын өткен-кеткен 170 жүк поезы мен оған тіркелген вагондардың ішін тексере алмай отырмыз. Бізге вагонды сканерлейтін кешен қажет. Оның ең арзаны 1 млрд теңге тұрады.


Осы салада мәселелер жетіп артылады. Шекарашылар жұмыс істейтін әкімшілік ғимараттар әбден ескірген. Өткізу бекеттерінде қажетті инфрақұрылым жоқтың қасы. Аталмыш нысандарға апаратын жолдар қыс мезгілінде қардан аршылмайды. Себебі, бұл іске бюджеттен мүлдем қаражат қарастырылмаған. Әскерилер осыған қатысты Сенат депутаттарына өз ұсыныстарын айтты. Дариға Назарбаева мәселені шешудің жоспарлары бар, бірақ оны жүзеге асыруға қажетті қаражаттың мөлшері нақтыланбаған деді.

Дариға Назарбаева – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің төрайымы:


– Шекара маңына тиісті ғимараттар тұрғызу үшін қанша қаражат қажет? Оның аумағы қандай болады және нысан неше адамға шақталған? Соның бәрін нақтылау керек. Сіздің берген мәліметіңіз толыққанды емес. Механизмдер көрсетілмеген. Қажетті қаражат мөлшерін есептеп, менің атыма анықтама жолдаңыз.

Тағы бір өзекті мәселе – жыл өткен сайын ел шебін күзететіндердің қатары кеміп барады. Кадр тапшылығының туындауы салдарынан кеден бекеттерінде қызмет көрсетудің сапасы ақсаған. Көлік жүргізушілері шекара пунктінде 4 сағаттан артық уақытын жоғалтады. Ал, шекарашылардың жұмыс жүктемесі 2 есеге көбейген. Артық жұмыс уақыттары үшін ақы алмайды. Сондықтан, көпшілігі осы қызметке барудан бас тартатын көрінеді. Аталған проблемаларды Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева шешуге атсалысатынын айтты.

Берік Қасен