Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Дариға Назарбаева бастаған ҚР Парламенты Сенатының депутаттары келді

Келешекте Киров атындағы зауыт ел нарығына жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Өздері ойлап тапқан мына “Қарағай” және “Ақтерек” радиостанцияларын жуық арада Қорғаныс министрлігіне таныстырмақшы. Ведомство тарапынан қолдау болса, аталған машиналар көптеп өндіріле бастайды. Біреуінің құны шамамен 200 млн теңге. Дариға Назарбаева бастаған Парламент сенатының депутаттары кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысты. Қорғаныс құралдарынан бөлек, зауыт темір жол және мұнайгаз салаларына қажетті жабдықтарды шығарумен айналысады. Алайда, тапсырыстың аздығынан кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Бүгінде басшылық бұл тығырықтан шығудың амалын қарастырып жатыр. Кәсіпорындағылар ауқымды жаңғырту шараларын атқарып, мемлекеттің ғана емес, бизнесмендердің де сұраныстарын қанағатандыруға мүдделі. Жоспарларын зауыт басшылығы Санаторларға да жеткізді.

Амангелді Арғымбаев – С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– Біз “Қазақстанның Киберқалқаны” мемлекеттік бағдарламасына қатысқымыз келеді. Осы бағытта сіздерге ұсынар бірнеше жобамыз да бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп құнды мәліметерді криптографиялық әдіспен сақтауға арналған бұйымды әзірлемекпіз. Ол компьютерлер мен маршрутизаторларды кибершабуылдардан қорғауға мүмкіндік береді.

Көп қатпарлы мөрлік тақташалардың өндірісін бастау үшін 2,2 млрд теңге қаржы керек. Бұл жоба республикалық деңгейде қолдау тапқан, дегенмен қаржыландыру мәселесі әлі шешілмепті. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жоба жүзеге аспай, зауыттың жұмысы алға баспайды дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аталмыш жоба тиісті сараптама жұмыстары мен тексерістерден толығымен өтті. Тек оны жүзеге асыра алмай жүргенімізге жарты жыл болды. Қаражат мәселесін шешіп беруге ат салысуыңызды сұраймын. Өндірісті бастасақ, қосымша тағы 100 шақты адамды жұмыспен қамтимыз.

Дариға Назарбаева қаржыландыру мәселесін жеке бақылауына алатынын айтты. Тіпті жаңа клиенттерді тауып беруге де әзір. Дәл осындай қолдау тетіктері өңіріміздегі ЗИКСТО зауытына да қажет. Бұл кәсіпорын да қорғаныс өндірісіне арналған қондырғыларды жасайды. Мәселен, мына тұңғиық минасы ТМД елдері бойынша бізде ғана, яғни ЗИКСТО зауытында шығарылады. Өнімге ресейліктерден сұраныс жоғары.

Валерий Спицын – “ЗИКСТО”АҚ директорының орынбасары:

– Бүгінге дейін осындай миналардың 50-ін Ресейге жөнелттік. Бұл қару шабуыл емес, қорғаныс үшін керек. Әсіресе, теңіз асты кемелеріне қарсы пайдаланылуға болады. Яғни, шекарамызды сыртқы жаудан қорғауға мүмкіндік беретін таптырмас қару.

2016 жылы мұндағылар алғаш рет жартылай жүк вагондарын құрастыра бастады. Тапсырыстар толассыз түсіп жатыр, сондықтан зауыттағылар алдағы 10 жыл көлемінде жұмыссыз қалмайтындықтарына сенімді. Жүк вагондарына көрші елдерден де сұраныс жоғары. Жоспарды ойдағыдай орындау үшін ЗИКСТО әкімшілігі цехтарын жаңғыртпақшы. Басшылықтың сөзінше, кеңестік кезеңнен қалған қондырғылар да, өндірістік нысандар да әбден ескірген. Жаңарту шараларына отандық банктерді тарту жоспарда бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Су ждаңа зауыт тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Жалпы аумағы 37 мың шаршы метр болады. Онда платформалар мен астық тасымалдайтын вагондар құрастырылады. Себебі, қазір техниканың бұл түрлері Солтүстік өңірде тапшы.

Сондай-ақ, ЗИКСТО цехтарында ауыр тоннажды контейнерлерді тасымалдайтын платформалар да құрастырылады. Оған негізінен “Қазақстан темір жолы” компаниясы тапсырыс береді екен.

Сергей Непомнящий – “ЗИКСТО”АҚ бас директоры:

– Қазақстан темір жолымен 27 млрд теңгенің келісім шартына қол қойылды. Платформалар жоғары сұранысқа ие. Бізге тек ресейліктер ғана бәсекелес бола алады.

Сенаторлар ПАМЖЗ да бас сұқты. Мұнда да қорғаныс және мұнайгаз салаларына қажетті қондырғылар шығарылады.

Вадим Шакшакбаев – “ПАМЖЗ” АҚ бас директоры:


– Бүгінде мұнайгаз компанияларынан жалпы сомасы 1 млрд 700 млн теңгенің тапсырысы түсті. Сұраныстың басым бөлігі отандық кәсіпорындарға тиесілі. Зауыттың материалдық-техникалық базасы жақсы, тапсырыстарды уақытылы орындап тұрамыз. Ең алдымен тапсырыс берушілерді осы жағы қызықтырады.

ПАМЖЗ жалғыз мемлекеттік тапсырыстарға тәуелді болғысы келмейді. Сондықтан жағырту жоспарын да әзірлеп қойған. Елорда қолдаса, оны жүзеге асыру үшін ел қазынасынан 4 млрд теңге бөлінбек. Қыруар қаражат жаңа білдектер мен құрылғыларды сатып алуға жұмсалады. Себебі, кәсіпорындағы 1289 арнайы техниканың 80 пайызы 30 жылдай жаңартылмаған, сәйкесінше тозығы жеткен. Жаңа білдектер еңбек өнімділігін арттырып, тауардың өзіндік құнын төмендетуге сеп болады, бұдан бөлек, сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік бермек.

Берік Қасен