МТРА жаңалықтары

Өңірде халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің көшпелі отырысы өтті

ҚР ҰҰ Әскери институтына келген Сенат депутаттары ең алдымен оқу ордасын аралады. Мынау білім ошағының шағын макеті. Мұнда барлық институт ғимараттары тіпті құрылысы жоспарланған спорт кешені, тир алаңы, 2-ші оқу корпусы және офицерлерге арналған тұрғын үй көрсетілген.

Руслан Жақсылықов – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы:

– Бұл нысандардың құрылысын 1999 жылдан бері жоспарлап келеміз. Жобаларды ұсынамыз. Бірақ олар қолдау таппай келеді.

Тағы меймандар оқу орнының кітапханасына бас сұқты. Мұнда бүгіндері 140 мыңнан астам оқулық бар. Бірақ олардың 88 мыңы квалификациялық талаптарға сай келмейді екен.

Александр Корнилов – ҚР ҰҰ Әскери институты бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөнідегі орынбасары:


–  Сондықтан курсанттар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен облыс орталығындағы кітапханаларды дайындалуға мәжбүр. Тағы екі арадағы келісім негізінде болашақ сарбаздар интернет желісі арқылы Омбыдағы жоғарғы оқу орнының электронды кітапханасына кіріп, қажетті ақпаратты ала алады.

Сенаторлар оқу кабинеттерін аралап, мұнда жаттығып жүрген кадеттік сынып тәрбиеленушілерінің дайындығын көрді. Балғындарға сабақты әскери институт оқытушылары береді. Жасөсріпімдер саптық жүріс, қару-жарақты бұзып, жинау, тактикалық әдістер бойынша дәріс алады. Кадеттік сыныпқа 30 бала келеді екен. Олар меймандарға осы уақытта не үйренгендерін көрсетті.

Ал екінші курс курсанттары әскери ғимараттардың жабдықталуы, қорғанысы мен қауіпсіздігі жайлы дәрісті тыңдауда. Сабаққа қатысқан Сенат депутттарына болашақ сарбаздар әзірлеген жобалар жайлы да айтылып, режимді ғимараттар мен бөлмелерді жабдықтауда қолданылатын қондырғылар көрсетілді.

Манас Нұрмаханов – ҚР ҰҰ Әскери институтының аға оқытушысы:

– Әскери институт курсанты «Қамал» деген құрылғыны ойлап тапты. Бұл құралды қазір барлық әскери бөлімдерді қамтамасыз етуде.

Кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның төрағалығымен халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің көшпелі отырысы өтті. Онда еліміздегі әскери оқу ордаларының басшылары өздерінде қордаланған проблемаларды жеткізді. Баршасына ортақ мәселе – ол оқу құралдаының жетіспеушілігі, кадр тапшылығы. Тағы кейбірінің ғимараттары ескірсе, енді біреулері мамандар қызметттік баспаналармен қамтылса дейді. Бұл ретте сөз алған комитет мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед кей сауалдарды шешуде оқу ордалары бір-бірімен жұмыс жасауға құлықсыз екендігін жеткізді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:


–  Кей сауалдарды парламенттік деңгейде көтеріп жатудың өзі күлкілі. Бұл бір министрлікке қарайтын оқу ордаларының бір-бірімен дұрыс жұмыс жасамайтындығын көрсетеді. Мұндай мәселелер министрдің бір ғана қаулысымен жасалуы тиіс. Ал Сіздер оны бізге келіп айтып отырсыздар. Сондықтан бір-біріне жақын білім ошақтары қауымдастық құрып, қоян-қолтық жұмыс жасауы керек деп ойлаймын.

Кездесуде сөз алған ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Дариға Назарбаева да әскери оқу ордаларының басшыларына мемлекет қолдауына ғана иек артып отыруға болмайтындығын жеткізді. Яғни, бюджет қаражатына қол жаймай, өздері коммерциалық бөлімдер ашып, кішігірім проблемаларын шешуге дағдылануы тиіс.

Дариға Назарбаева – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы:


–  Сіздерге қозғалу керек. 21-ші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бүгіндері ЖОО басқарудың талаптары өзгерді. Соны түсіну қажет. Яғни, жаңаша жұмыс істеуге бет бұрған жөн. Қазір тіпті оқу ордаларына қаржы табуға мүмкіндіктер жасалуда. Ақылы бөлімдерді де ашып, мамандар дайындаңыздар. Баспанамен қамту мәселесін шешу үшін Елбасының жаңа бағдарламасына сай жұмыс жасап көріңіздер. Әскерилерді баспанамен қамту жайы шешімін тапқан, енді азаматтық қорғаныс саласында қызмет атқаратындардың да бұл жобаға қатысуын қарастырып көреміз.

Жиынды қортындылаған Дариға Назарбаева барлық сауалдардың бақылауға алатындығын жеткізді.

Дариға Назарбаева – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы:


–  Былтыр ҰҰ-ға бірталай қаржы сұрап алдық. Әлі де білім саласының дамуына өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін. Әрине бұл бір тәуліктің ішінде шешілетін мәселе емес. Бірталай зерттеу өткізу керек. Санау керек. Кейін біздер кешенді шешім қабылдаймыз.

Бүгіндері Елбасы адами капиталды дамытудың маңызы зор екендігін айтуда. Ал сапалы мамандар нақ осы оқу ордаларында дайындалады. Сондықтан елі үшін жанын беретін ерлер шықсын десек, онда қазірден бастап оларға жағдай жасау қажет.

 

Магжан Ахмадина