Қоғам

Жыл басынан мемлекеттік еңбек инспекциясы 72 кәсіпорынды тексерді

Жыл басынан мемлекеттік еңбек инспекциясы 72 кәсіпорынды тексеріп, 123 заңбұзушылықты анықтаған. Соның 82-сі еңбек қатынастарын, ал 39-ы еңбек қауіпсіздігін бұзуға қатысты олқылықтар. Нәтижесінде 33 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6,1 млн теңгенің айыппұлы салынды.

Арман Жәлелов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқарма басшысының орынбасары:

– Бірқатар кәсіпорындарда жұмысшылар еңбекақының уақытында төленбейтініне шағымданды. Арнайы форма бөлінбегіндіктен, қауіпсіздікке қатысты заңбұзушылықтар да анықталды. Сондай-ақ, жыл басынан 2 кәсіпорында жұмыскерлермен еңбек келісімшартына отырмау фактілері анықталды. “Петропавл арақ шарап зауыты” 30-дан астам қызметкермен, ал “Қайыңды” ЖШС 1 тұлғамен маңызды құжатты жасаспаған. Осындай олқылықтарға жол берген шағын және орта бизнес субъектілері 50-ден 100 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

Жұмыс барысында жарақат алушылардың саны да тыйылар емес. Мұндай 18 жағдай тіркеліпті, соның екеуінде еңбеккерлер мерт болған. Тексеріс қорытындысы көрсеткендей, қайғылы оқиғалар жұмыс берушінің салғырттығынан орын алған.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Мәселен, қаңтардың 5-і күні ” Сев Есиль зерно” ЖШС-де жазатайым оқиға орын алды. Онда 1 жұмысшының қолына зақым келіп, кесуге тура келген. Мұнда кәсіпорын басшылығы да, жапа шегуші де айыпты деп танылды. Осы фактінің мән-жайы толық тексеріліп, ІІД-не жолданды. Бұл орайда, өңіріміздің жұмыс берушілерін еңбек қауіпсіздігін сақтауға шақырамын.

Айта кеткен жөн, теріскейде наурыздың 1-нен бастап “Еңбек келісім шартын жаса!” науқаны бастау алды. Оның шеңберінде, мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері өңіріміздің түкпір-түкпірін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тогжан Акмагамбетова