Өнеркәсіп

Жұмысы жанданған зауыт

Зауытта қазір жұмыс қызған. Мұндағылар маусымның ортасына дейін түскен тапсырысты аяқтауы тиіс. Сондықтан қызметкерлер бел жазбай еңбек етуде.

Мына материалдардың барлығы Астанада тұрғызылып жатқан кинотеатрдың құрылысына жұмсалмақшы.

Азамат Беккужинов – «Петропавл металл құрылмалар зауыты» ЖШС директорының орынбасары:

-Астанадағы сауда ойын-сауық кешендерінің бірі өз ғимараты жанынан тағы 3 қабатты кинотеатр тұрғызып жатыр. Соған орай біздер тапсырыс алып, металл құрылғыларды жасап берудеміз. Жалпы зауыт оларға дайын 1200 тонна болатын металл құрамаларды жеткізу керек. Бүгіндері 300 тоннасын жөнелттік.

Гофралы балкаларды дайындауға бұлар құрылғыны сатып алмаған. Оны өздері жасапты. Қазір кәсіпорында 70 адам еңбек етеді. Солардың бірі – Виталий Юрченко. 5 жылдан бері зауытта жұмыс істейтін ол газ-плазмалы қондырғының тілін меңгеріп алған. Автоматтандырылған құрылғы түрлі пішіндер мен қажетті бөлшектерді еш қиындықсыз-ақ, 5 минуттың ішінде бөліп береді.

Виталий Юрченко – «Петропавл металл құрылмалар зауыты» ЖШС операторы:


– Ең алдымен компьютерде бағдарлама жасалады. Сосын оны маған әкеледі. Мен соған қарап тек аппаратты басқарып отырамын. Жұмысым қиын емес, тек меңгеріп алсаң болғаны. Жасалатын өнімдер дәл әрі жылдам кесіледі.

Бұдан бөлек кәсіпорын тағы Астанадағы өндірістік базаға қажетті металл құрамаларды әзірлепті. 160 тонна болатын өнімді бүгіндері аяқтап жөнелтуге дайындап қойған.

Азамат Беккужинов – «Петропавл металл құрылмалар зауыты» ЖШС директорының орынбасары::

– Ғимараттарды металл құрамалардан салудың пайдасы мол. Ол ең алдымен қаржылай жағынан тиімді. Екіншіден монтаждауға ыңғайлы. Үшіншіден, түрлі пішіндегі ареналар мен Экспо ғимараттары сынды нысандарды темір бетоннан тұрғызу мүмкін емес. Тауарды әзірлегенде негізіне отандық өнімді қолданамыз. Кейде шикізатты Ресейден жеткіземіз.

Серіктестік тағы Экспо көремесі мен Алматыдағы мұз айдынына қажетті материалдарды дайындаған. Және өңіріміздегі теннис орталығының құрылысына керек меттал құрамаларды әзірлепті. Сондықтан мұндағылар жергілікті жерден тапсырыстар көп түссе, қажетті қондырғыларды өзге жақтан алмай өзімізде жасар едік дейді.

Мағжан Ахмадина