Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” Пермьер лигадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Бұл жергілікті аяқ доп шеберлерінің жаңа лигадағы бесінші, ал өз алаңындағы 2-ші кездесуі. Бұған дейін өткізген 4 матчтың бәрінде жеңіліс тапқан қызылжарлықтар үшін “Жетісуді” тізе бүктіру аса маңызды болды. Сондықтан болар, алғашқы минуттардан-ақ петропавлдық құрама қарсыласын қыспаққа алды. Алайда, қорғаныста қонақ команда алаң иелерін кезек-кезек аяқтан шалып, дөрекі ойын өрнегін көрсетумен болды. Матчтың 25 минутында мұндай ерсі қылықтардың бірі “Жетісуды” тығырыққа тіреді. 16 нөмірлі қызылжарлық жартылай қорғаушы Фредди Коронель орындаған айып соққысын сербиялық шабуылшы Братислав Пуношевац іліп алып, допты баспен қақпаға тастады.

Есеп 1:0. Әзірге Қызыл-Жардың пайдасына. Алайда, премьер лига басталғалы бері өткізген матчтардың бәрінде петропавлдық құрама алғашында 1:0 есебімен алда келіп, кейін 1:2-мен жеңіліс табуды әдетке айналдырған еді. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Ойын аяғына дейін қызылжарлықтар есепті сақтап, жаңа лигадағы алғашқы жеңісіне, сәйкесінше турнирлік кестедегі алғашқы 3 ұпайына қол жеткізді.

Тимур Мульдинов – “Қызыл-Жар СҚ” ФК жартылай қорғаушысы:


– Жанкүйерлерге алғысымыз шексіз, олардың тарапынан қолдау керемет болды. Қарсыласымызы осал болмады, алайда бізге жеңіс ауадай қажет еді. Жинақылық танытып, сәтсіздіктер сериясын бұздық, енді алдағы матчтары тек жеңіспен аяқтауға тырысатын боламыз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, кездесуді 4000-ға жуық жанкүйер тамашалаған. Бұл жеңістен соң біздің құрама турнирлік кестеде соңғы 12-ші орыннан 10-шы сатыға көтерілді. Лиганың 6-шы туры сәуірдің 22-сі өтеді. Алдағы жексенбіде “Қызыл-Жар СҚ” “Атырау” футбол клубын қабылдайды.


 

Саят Ермек