Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала келбеті қалыпқа келтіріліп жатыр

Сиқы сын көтермейтін шағын дүңгіршектер мен павильондар жететін Петропавлда. Олар шаһардың сәнін қашырып, келбетін құртып тұр. Сондықтан қала әкімшілігі бұл сауда нүктелерін алып тастау жұмыстарын бастап кетті.

Әділ Мергалимов – Петропавл қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлiмiнің бас маманы:


– Бұл нысандар қаланың архитектуралық келбетіне сай келмейді. Мұндай сауда орындарын сүруге рұқсат беретін құжаттарды әлі әзірлеу үстіндеміз. Әзірге, мәселе тек ауызша түрде шешіліп жатыр. Қожайындармен тілдесіп, көшіруді өтінудеміз. Көбі ескертулерге құлақ асып, ұрыс-керіссіз дүңгіршектерінің орнын ауыстырып жатыр.

Бір мысал – “Казкур” компаниясының директорына қалалық әкімдік Әуезов көшесінің бойында тұрған дүңгіршекті алу туралы ескерткен. Серіктестік басшысы бұл шешіммен келісіп, павильонды қаладағы “Черемушки” ауданына көшірді.

Айк Арутюнян – “Каз кур” ЖШС директоры:


–  “Біздің “Черемушки” ауданында нүктеміз жоқ еді. Ең жақыны – “Сокол” сауда үйінің маңында болатын. Ол жақтағы тұрғындар бірнеше ай бұрын қолқа салып, сауда дүңгіршегін орнатуды сұрады. Қала көркі үшін маған көшіре салу түк емес. Бастысы жұмыс бар.

Көзге оғаш көрінетін, қаңылтырмен қапталған мына қызыл дүңгіршек те көп ұзамай Әуезов көшесінің бойынан алынып тасталады. Бүгінге дейін мұндай сиқы қашқан сауда нүктелерінің 10 шақтысы көшірілген. Яғни, әкімдік бастамасы оң нәтиже беріп жатыр. Өзекті тұрған тағы бір мәселе – шаһардағы шарбақтардың жағдайы. Қауіпсіздік мақсатында орнатылғанымен, олардың көбі қисайып, майысып, әбден ескірген. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында да жағдай оңып тұрған жоқ.

Саят Ермек – тілші:


– Қазір біз Мир көшесіндегі 119-шы үйдің ауласындамыз. Бұл жерде мынадай ұсқынсыз гараждар тұр. Біріншіден, бұл көлікжайлар аулаға заңсыз орнатылған, екіншіден, тұрғындардың айтуынша, олардың маңы қаңғыбастар мен нашақорлардың күнделікті жиналатын орнына айналыпты. Ал жақын жерде мектеп бар. Азаматтар шағымдарын әлеуметтік желілерге де шығарған, гараждардың қожайындарымен де сөйлескен. Нәтиже болмағасын, қалалық әкімдікке жүгінуге тура келіпті.

Тұрғындар, мәселе тез арада шешіліп, ұсқынсыз гараждардың орнына су жаңа балалар алаңқайы тұрғызылса дейді. Айтпақшы, шаһардағы осы сынды темір нысандардың барлығы дерлік заңсыз орнатылған екен. Түйткілді қалалық жер қатынастары бөлімі қолға алған.

Қуаныш Магзұмов – Петропавл қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басышысының орынбасары:

 

– Облыстық жер инспекциясына шара қолдану үшін құжаттарды жібердік. Қазіпгі күнде Мир көшесіндегі 119 үйдің ауласында тұрған гараждардың иелеріне 75 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бүгінге дейін 6 көлікжай иесіне айыппұл салынған. Сонда да, гараждарын көшіруге құлшынып тұрған қожайындар жоқ. Әкімдіктегілер , көздегеніміз мұндайларды жазаға тарту емес, тек ескерту дейді. Сол ескертуді елемегендер ғана жауапкершілікке тартылады.

Саят Ермек