Қоғам

Өнер колледжінің студенттері музыкалық оркестрлер шеруіне дайындалуда


Бұл – жергілікті өнер колледжінің студенттері. Дәл қазір олар музыка ырғағымен біркелкі адымдап, қимыл-қозғалыстарын пысықтап жатыр. Жас өнерпаздардан құрайтын колонналар 4 бөлімнен, яғни, мажореттер, үрмелі-соқпалы аспаптар, қазақ және орыс ұлттық аспаптары мен хордан тұрады.

Галина Рыжик – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені директорының орынбасары:

– Мажореттер сапында 10, ал хорда 30 адам бар. Хордағы студенттер “А ну-ка песню нам пропой веселый ветер” композициясын орындайды. Музыкалық оркестрдің негізі – қазақ және орыс ұлттық аспаптарынан құралған. Бұл біздің алғашқы дайындығымыз.

Жас дарындар музыкалық оркестрлер шеруінде сыбызғы, труба, кларнет, барабан аспаптарының сүйемелдеуімен бірнеше композицияны орындайды. Өнер колледжінің 3-ші курс студенті Алпамыс Жәдігерұлы труба аспабында өнер көрсетпекші.

Алпамыс Жәдігерұлы – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің студенті:

– Мен басында фортепианода ойнадым, кейін Петропавлдағы Өнер колледжіне түсіп, труба аспабында ойнауды үйрене бастадым. Бұл шараға 2-ші рет қатысамын.

Шеруге хореографиялық би ансамбілдері де ат салысады. Олар қимылдарын оркестрлік музыканың ырғағына сай үйлестіруі қажет. Бұл оңай шаруа емес дейді Зарина Оспанова. Алайда, аталмыш іс-шараға өткен жылы да қатысқандықтан, қозғалыстардың бірқатары жеткіншекке таныс.

Зарина Оспанова – “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешенінің студенті:

– Өткен жылы Н.Погодин атындағы орыс драма театрының алдынан бастап, тәуелсіздік стелласының алаңына дейін жүріп өттік. Бұл шара көңілімнен шықты. Сондықтан, осы жылы да шеруге қатысуды жөн көрдім.

Жалпы балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлерінің шеруіне аталмыш білім ордасының 100 студенті қатысады.

Молдир Макишева