Мәдениет

Облыс орталығында хореографиялық би ұжымдарының фестивалі өтті

Байқау халықтық және заманауи би, жеке өнер көрсету, demmi classic номинацияларын біріктірген. Сайыскерлер жастарына қарай 9 бен 11, 12 мен 15, 16 мен 20 жас категоряларында бақ сынап, өнерлерін ортаға салды.

Ирина Колодаева, СҚО оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Облыстық сайысқа қала мен аудандық мектеп оқушылары, қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр. Бұл іс-шарада балғындар өнерлерін көрсетіп қана қоймай, өз араларында тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдау мүмкіндіне ие болды.

Алғашқы болып сахна төріне Ақжар ауданынан ат терлетіп келген «Айтұмар» би ансамблі шықты. Қазылар сынына қазақ биін ұсынған ұжымда жастайынан өнердің өрлеуіне үлесін қосып жүрген өнерпаздар жетерлік. Арасында 15 жасар Айгерім Қуандық та бар. Бұл байқау жеткіншектің бағындырған алғашқы белесі емес.

Айгерім Қуандық – «Айтұмар» хеореографиялық ансамблінің мүшесі, Ақжар ауданы:


– Менің биге қатысып жүргеніме биыл 7 жыл болады. Осы биді 5 жыл бойы дәріптедік. Биыл халықтық би номинациясына 3 би дайындап келдік. Ол қазақ, татар және үнді билері.

Ал қалалық Қожарберген жырау атындағы № 6 мектептің оқушысы, Дария Тілеужанова бимен бала кезінен айналысады. Жеткіншек мүшелік ететін «Көктем» ансамблі фестивальге қазақ биін алып келген.

Дария Төлеужанова – «Көктем» хореографиялық ансамблінің мүшесі, Петропавл қаласы:

– Мен өзімнің көркемдік жетекшім Юлия Демешкоға алғыс білдіргім келеді. Осы биді 1 жыл көлемінде дайындадық. Байқауға үлкен дайындықпен келдік.

Сайыс барысында қатысушылардың би қимылдарын синхронды жасауы, музыкалық сүйемелдеудің ұтымды таңдалуы, бишілердің әртістік қабілеті және концерттік костюмдері бағаланды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақжар ауданының «Айтұмар» ұжымы және Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің «Бимаржан» тобы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Эльмира Садвокасова